Ұлт ғылымында әр саланың бастауында тұрған тұлғалар бар. Қазақстандағы антропологияның негізін қалаушы – Ұлттық ғылым академиясының академигі, Болон ғылым академиясының (Италия) корреспондент-мүшесі, Ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткер Оразақ Смағұлов екені айдан анық. Ол қазақ халқының этникалық тарихын, антропологиялық келбетін, мәдени-өркениеттік дамуын кешенді түрде зерттеп, отандық ғылымға айрықша үлес қосты. Қазақстанда антропологияның ғылыми жүйе ретінде қалыптасуына жол ашты.
Тоқсан бестің тұғырына шыққан академик Оразақ Смағұлов 70 жылдан астам туған халқымыздың биологиялық-антропологиялық тарихын зерттеп келеді. Соның нәтижесінде 16 монография мен 350 ғылыми, танымдық мақала жазып, ұлтымыздың Қазақстан аумағындағы кемі 50 ғасырлық шығу тегі мен тарихи қайнар көздерін негіздеді. Осы туралы Азия, Еуропа, Америка антропологтерінің елеулі ғылыми форумдарында баяндама жасады.
Антропология саласының көшбасшысы 1930 жылы 1 қазанда Қостанайдың Меңдіқара топырағында дүниеге келіп, кеңестік қуғын-сүргіннің де, аштық-жоқтықтың да, фашизмге қарсы соғыстың да қасіретін жастай тартты. Ғылымға деген ынтасы жүрегіне ерте ұялады. Қиындыққа мойымай, Мәскеуге аттанып, антропология саласын таңдап оқу – сол заманда батыл қадам еді.
Сіз бен біз «қазақ кім?», «шығу тегі қайдан?» деп өз-өзімізге сұрақ қойсақ, оның жауабын академик О.Смағұлов кітаптарынан табарымыз да ақиқат.
Ғалым Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына (ол кездегі атауы) 1956 жылы күзде келді. Қазақ КСР Ғылым академиясына институт директоры Ақай Нүсіпбеков оны тарих ғылымдарының кандидаты И.Захарова басқаратын этнография бөліміне кіші ғылыми қызметкер етіп қабылдайды. Бұл бөлімде Ә.Х.Марғұлан, Р.Ходжаева, В.Востров, Е.Масанов, М.Мұқанов сынды ғалымдар мен аспирант Х.Арғынбаев қызмет істейтін. Бір жылдан кейін бөлімді Әлкей Марғұлан басқарады. Ол кезде институтта Ю.Юдин, Ю.Зуев, Е.И.Агеева, М.Қ.Қадырбаев, Х.Алпысбаев, К.Ақышев, А.Г.Максимова, т.б. қызмет ететін.
Жас зерттеуші 1974–1975 жылдары төрт ай Үндістанның эндогамикалық популяцияларын зерттеу (антропологиялық) экспедициясына қатысып, елеулі тәжірибе жинайды.
Оразақ Смағұлов институтта ұзақ жыл еңбек етіп, қазақ антропология ғылыми мектебін қалыптастырды. Араға жылдар салып антропологиялық зерттеулерді жүйелі түрде дамытқан ғалым деңгейіне көтерілді. Ол тек антропология ғылымына ғана емес, тарих, этнология, археология сияқты салалардың дамуына да зор ықпал етті. Антропологтің ғылыми еңбектері қазақ халқының этникалық тарихын терең түсінуге мүмкіндік берді. Академик мына ғылыми бағыттарды еңсерді.
Біріншіден, қазақ халқының этногенезі мен антропологиялық келбетін анықтау бағытын айқындады. Көп жыл антропометриялық зерттеулер жүргізіп, қазақ халқының морфологиялық ерекшеліктерін анықтады. Оның еңбектерінде қазақтардың физикалық типі түркілік, моңғолдық және еуропеоидтік элементтердің тоғысуынан қалыптасқаны дәлелденді.
Екіншіден, тарихи-антропологиялық салыстырулар бағытын ілгерілетті. Ғалым көне қаңқа материалдарына сүйене отырып, сақ, ғұн, түркі және ортағасырлық кезең халықтарының антропологиялық құрылымын зерттеді. Бұл арқылы қазіргі қазақ халқының тарихи бастауын көне этностармен сабақтастыра дәлелдеді.
Үшіншіден, этникалық үдерістері антропология арқылы жүйелі зерттеді. Ғалымның осы бағытта жасаған ғылыми тұжырымдары – этнология мен тарих ғылымына қосымша дереккөз, қазақ этногенезін пәнаралық тұрғыдан зерттеуде ізашар іс.
Ғалымның айтулы еңбектері: «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» (1970), «Этническая генеография Казахстана» (1970), «Этническая антропология Казахстана» (1982), «Этническая одонтология Казахстана» (1989), «Этническая дерматоглифика казахов» (2005), «Происхождение казахского народа» (2007), «Происхождение казахского народа» (2017), «Қазақтың айбарлы диссиденті» (2020), «Қазақ халқы және ата тегі» (2020) т.б. Бұл кітаптар Қазақстандағы этноантропологиялық зерттеулердің теориялық-методологиялық негізін қалады.
Оразақ Смағұлов Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі ретінде көптеген халықаралық ғылыми конференцияларда Қазақстан атынан баяндама жасап, отандық антропологияның әлемдік ғылымға қосқан үлесін паш етті.
1977 жылы Орекеңнің қазіргі қазақтардың АВ0 қан топтары, MNSs және резус-факторы туралы көп жылғы зерттеулердің нәтижелері берілген «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» атты әйгілі монографиясы жарық көрді. Алайда «Akademkniga» жүйесінде бірнеше айдан кейін кітап сатылымнан алынып, жиналып, Ғылым академиясы ауласында өртелді. Ғалым көпжылдық еңбегінің жалынға оранғанын «Наука» баспасының баспаханасына қараған институт терезесінен қарап тұрды... Ауыр жағдай, бірақ тарихи шындық осы. Ғалымның зерттеушілік айбыны, текке тереңдеген алдаспан қағидаты кеңес идеологтерін шошытты.
О. Смағұловтың осы кітабында қазақтың тарихи рулық құрылымы айтылғандықтан, Қазақ КСР компартиясы оны «саяси сенімсіз» деп айыптады. Кітапта қазіргі қазақтардың генетикалық полиморфизміне сәйкес популяция құрылымы біртекті, онда ешқандай популяция ішілік бөліністерді анықтауға мүмкіндік жоқ деген тұжырым жасалған еді. Яғни қазақты қан тобы бойынша жүзге, руға бөлуге негіз жоқ делінді. Бұл кітап Тәуелсіздік жылдары (1992 жылы) қайта қалпына келтірілді.
Қазақстанда антропология саласы дербес ғылыми мектеп ретінде Оразақ Смағұловтың еңбегімен қалыптасты. Ол көптеген ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып, ұлттық ғылыми кадрларды даярлауға ерекше үлес қосты. Ғалымның жетекшілігімен даярланған диссертациялық зерттеулер мен монографиялар отандық ғылымның құнды қорына айналды.
Бүгінге дейін қолданыста жүрген «көшпелі», «номад» терминдерінен туындайтын ғылыми, саяси адасушылық жөнінде академик былай дейді: «Бұл терминнің мән-мағынасын олар шын мәнінде ұғынбайды, оны қазақ өркениетінің «шыңы» ретінде көрсетеді. Нақты айтсақ, бұл терминді Қазақстан тарихына қатысты қолдану – қазақ халқының объективті тарихын жасырын түрде қорлау».
Академик Смағұловты алаңдататын тағы бір мәселе – ғалымдар жиі қолданатын «глоттогенез» (яғни тілдердің шығу тегі туралы) терминін ежелгі қазақ тарихы мен лингвистикасына қолданудың ешқандай ғылыми мән-мағынасы жоқ екені. Алфавит тарихына шолу жасаған Орекең ежелгі шумер, орхон-енисей мөрлі жазуын тапқан түпкі түркі қазақ халқының да тектілік негізі екеніне көп дәлел келтіреді.
Антрополог ғалымды толғандырып жүрген өзекті жайт – археологтер ашқан қола дәуірінен бергі тарихи елді мекендердің атауларын оқулықтарда қате жазылғаны. «Афанасьев», «Андронов», «Окунов», «Денисовка» сынды жасанды атаулардың түркінің алтын бесігі – Алтайға ешбір қатысы жоқ екендігі.
Орекең өзекті ойларды төтесінен көтеріп: «Елімізде антропологиялық материалдарға (Абақ-Байтақ, т.б.) деген вандализмге қашан шек қойылар екен!» деген сұрақ қойып, тиісті мемлекеттік мекемелер мен ғалымдардан жауап күтеді. Әсіресе соңғы жылдарда «Алтын адам» іздеу науқанға айналған кездегі қазба жұмыстарына көңілі толмайтынын ашық айтты. Академиктің ғылымдағы батылдығы, тәуекелшілдігі, қағидатшылдығы, талапшылдығы ұлтқа адал қызмет етудің озық үлгісі. Тарих пен антропологиядағы абыз ақсақалды жас буынға танымалдандыру, сондай-ақ ұланғайыр еңбегін жоғары мемлекеттік марапатпен құрмет көрсету – баршамыздың ортақ борышымыз.
Академик Оразақ Смағұлов – қазақ антропологиясындағы аңыз адам. Оның терең ғылыми ұстанымы мен зиялылығы – замандастарымызға, жастарға өнеге.
Зиябек Қабылдинов,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, ҰҒА академигі