Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде медициналық инфрақұрылымды жетілдіру және заманауи емдеу әдістерін енгізу бағытында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан бүгінде әлемнің жетекші медициналық орталықтарымен тең дәрежеде бірегей және күрделі операцияларды сәтті орындап келеді. Жүрек пен өкпені алмастыру, сондай-ақ үшжақты айқаспалы бүйрек трансплантациясы жасалатын мемлекеттердің қатарында Қазақстан бар.
Айта кетейік, мұндай жоғары технологиялық оталарды жасай алатын елдер саны әлем бойынша алтыдан аспайды.
Сонымен қатар ми ауруларын емдеу үшін «Гамма-пышақ» технологиясы қолданылады, ал онкологиялық дерттерді емдеуде протондық терапия енгізіліп жатыр.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 медициналық нысанның 511-і пайдалануға берілген.
«Бұл нысандар бұрын медициналық объектілермен қамтылмаған ауылдарда, сондай-ақ ескірген және бейімделмеген үй-жайлардың орнына салынуда. Бұл орталықтар 1 миллионға жуық ауыл тұрғындарын медициналық қызметтермен қамтиды», деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Сондай-ақ еліміздегі 36 облыстық аурухана мен 17 перинаталдық орталықта кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балалар бөлімшелеріндегі төсек-орын саны 38%-ға артқан. 2,1 мыңнан астам медициналық жабдық сатып алынып, жарақтандыру деңгейі 62%-дан 86%-ға дейін өскен.