Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінде «Мергендер Кванджуда жиналды» (05.09.2005 жыл) деген мақала жарық көрді. Онда садақ атудан өткен әлем чемпионаттары тарихында еліміздің мергендері бір ғана медаль алғанына қынжылыс білдірген едік.
Жоғарыда аталған жүлдеге ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары қол жеткіздік. 1993 жылы Түркияның Анталья қаласында ұйымдастырылған байрақты бәсекенің классикалық садақ атушылар сайысында Яна Туниянц үздік үштікті түйіндеді. Содан бері бақандай 15 жарысқа қатысқанымызбен, қанжығамыз бір майланбай-ақ қойды. Міне, енді арада 32 жыл өткен соң, қазақ жанкүйерлері медальдың сыңғырын естіді. Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатында блоктық садақ атудан құрамында Әдел Жексенбинова, Виктория Лян, Роксана Юнусова сынды садақшылары бар біздің команда қола медаль иеленді. Бастапқы бәсекелерде Польша (229:227), Эстония (230:226), Италияны (228:227) ұтқан жерлестеріміз жартылай финалда дәл осы доданың үш дүркін күміс жүлдегері Мексикамен кездесті. Негізгі уақыт 231:231 есебімен тең аяқталды. Қосымша уақытта ацтектердің бағы жанды – 30:29.
Мергендеріміз үшінші орын үшін тартыста Ұлыбританиямен шеберлік байқасты. Жалпы, жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыста Тұманды Альбион елінің өкілдері 54 (9 алтын + 18 күміс + 27 қола) мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Сын сағатта осындай аса азулы команданы отандастарымыз ауыздықтай алды. Аса шиеленісті өткен бәсеке 232:229 есебімен біздің шеберлердің пайдасына шешілді.