Әйелдер күресі елімізге кешеуілдеп жетті. Тіптен оның Олимпиада бағдарламасына енгеніне де аса көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан бұл спорт түрін біздің қыздар жақсы меңгеріп, қысқа мерзім аралығында биік белестерді бағындырып үлгерді. Басқасын айтпағанда, әлем чемпионатының өзінде бірқатар балуанымыз жүлделі орындарды олжалады.
2007 жылы Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде өткен дүниежүзілік додада Елена Шалыгина (63 кг) күміс алса, Ольга Смирнова (55 кг) мен Ольга Жәнібекова (72 кг) қола медаль иеленді. Еленаны алтын медальдан даңқы жер жарған Каори Итё айырды. Олимпия ойындарының төрт дүркін жеңімпазы, әлемнің 10 дүркін чемпионы атанған Жапония жұлдызы отандасымызға еш мүмкіндік бермеді. Десек те осы жарыстан кейін әлемдегі ең белді деген балуандар қазақ қыздарынан қаймығатын болды.
2008 жылы Токиода Жұлдыз Ешімова (48 кг) ерледі. Финалда америкалық Кларисса Чунға жол берген ол күміс медальды мойнында жарқыратты. 2009 жылы Данияның Хернингінде Елена Шалыгина (63 кг) қоланы қоржынға салды. 2010 жылы Мәскеуде дәл сол Е.Шалыгина екінші орынды еншіледі. Бұл жолы ол финалда әлемнің екі дүркін чемпионы, үш дүркін қола жүлдегері Мартина Дюгреньеден жеңілді. 2011 жылы Ыстанбұлда Ж.Ешімова үшінші сатыға жайғасты. 2012 жылы Альбертада Гюзель Манюрованың (72 кг) алтыннан алқа тағуға жақсы мүмкіндігі болды. Алайда финалда швециялық Йенни Франссон оған шаң қаптырып кетті. 2013 жылы Будапештте Екатерина Ларионова (63 кг), 2016 жылы Айым Әбділдина (55 кг), 2019 жылы Астанада Валентина Исламова (50 кг) үшінші орын иеленді.
Кейінгі төрт әлем чемпионатында Жәмила Бақбергенованың (72 кг) ғана бақ жұлдызы жанды. Ол үш жарыстың финалында күш сынасып, барлығында күміс медаль иеленді. 2021 жылы Ослода ол жапониялық Масако Фуруитиден, 2022 жылы Будапештте америкалық Эмит Элордан, 2024 жылы Тиранада Жапония елінің тағы бір сұлуы Ами Исийден айласын асыра алмады. 2023 жылы Жәмиля Мажарстанның астанасында қола жүлдені қанағат тұтты.
Әйелдер күресінен еліміздің құрамасы 15 жүлде алды. Оның 7-еуі күміс, 8-і қола. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін біздің бұрымдыларға алтын алқа бұйырмады. Сол олқылықтың орны 13–21 қыркүйек аралығында Хорватия астанасы Загребте жалауы желбірейтін әлем чемпионатында толады деп үміттенеміз.
1993–2025 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында ең көп алтынды Жапония құрамасы жеңіп алды. Күншығыс елінің арулары 93 мәрте алтыннан алқа тақты. Екінші, үшінші орындарда – АҚШ пен Қытай. Америкалықтар 22, Қытай елінің бұрымдылары 19 рет бас жүлдені олжалады. Одан кейінгі орындарда: Канада – 11, Украина – 10, Франция, Болгария – 7, Ресей – 6, Аустрия – 5, Моңғолия, Норвегия, Қырғызстан – 4, Швеция, Әзербайжан, Түркия, Польша – 3, Германия, Беларусь, Молдова – 2, Солтүстік Корея, Грекия, Мажарстан, Финляндия – 1.