Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Алматы облысындағы Сорбұлақ кәріз суы жиналатын көлінің мәселесін Үкіметтің ерекше бақылауына алуды сұрады, деп жазады Egemen.kz.
Депутаттың айтуынша, Сорбұлақ 37 жылдан бері Іле ауданы тұрғындарының басты проблемасына айналған. Жаз айларында көлден тарайтын жағымсыз иіс халықтың тынысын тарылтып отыр.
Биыл шілде айында жүргізілген зертханалық тексерістер Сорбұлақ суында 31 түрлі химиялық заттар мен ауыр металдардың бар екенін көрсеткен. Әсіресе кадмийдің мөлшері қалыпты нормадан төрт есе көп екені анықталған. «Бұл – өкпе, бүйрек, жүйке жүйесін зақымдап, онкологиялық ауру туғызуы мүмкін аса қауіпті у. Демек, Сорбұлақ маңындағы тұрғындардың денсаулығына нақты қауіп бар», – деді депутат.
Сонымен қатар, көлдегі кәріз суының көлемі 750 млн текше метрге жеткен. Экологтардың болжамынша, нөсерлі жауын немесе жер сілкінісі жағдайында Сорбұлақ арнасынан асып, Ақши мен Күрті ауылдарын басып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда лас су Іле, Балқаш пен Қапшағайға да таралу қаупі бар. Депутат 1988 жылы Жаманқұм бөгетінің бұзылуынан 13 адамның қаза тапқанын еске салды.
Халық қалаулысы Үкіметке төмендегідей ұсыныстарын жеткізді:
Сорбұлақ суының құрамын, деңгейін және қауіптілігін тексеретін мемлекеттік комиссия құру;
Республикалық бюджеттен қаржы бөліп, заманауи кәріз суларын тазарту станцияларын салу;
Бұған дейін бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын анықтау үшін мемлекеттік аудит жүргізу;
Суды тиімді пайдалану үшін арнайы жоба дайындап, оны ауыл шаруашылығына бағыттау.
«Бұл – тек Іле ауданының емес, бүкіл Жетісу өңірінің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Сондықтан Сорбұлақ проблемасын Үкіметтің ерекше бақылауына алуды сұраймын», – деді Мәжіліс депутаты.