• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Құқық Бүгін, 14:40

Астанада мүгедек әйелдердің құқықтарын қорғауға арналған халықаралық конференция өтті

30 рет
көрсетілді

Астанада «Орталық Азиядағы мүгедектігі бар әйелдердің мүдделерін ескере отырып, ТДМ-ға қол жеткізу» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды. Іс-шара Орталық Азия мүгедектігі бар әйелдер ұйымдарының желісі жүзеге асырған жобаның қорытынды кезеңіне арналды, деп жазады Egemen.kz.

2005 жылдан бері аталған желі серіктестерімен бірге мүгедектігі бар әйелдердің теңдігі мен құқықтарын қорғау бағытында жұмыс істеп келеді. Ұйым тәжірибесінде ұлттық және халықаралық деңгейдегі адвокация жобалары, репродуктивтік құқықтарды қорғау бастамалары, тәуелсіз өмір мектептерін өткізу, теріс стереотиптерді еңсеру және көшбасшылыққа баулу бағдарламалары бар.

Конференцияда аймақтағы ұйымдардың тәжірибесі таныстырылып, негізгі тақырыптар бойынша талқылаулар өтті. Мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау тұрғысынан Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге қатысты ұсынымдар берілді.

Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина өз сөзінде: «Тұрақты даму мақсаттары – болашаққа бағытталған әмбебап күн тәртібі. Бірақ оларды халықтың осал топтарының мүддесін ескермей жүзеге асыру мүмкін емес. Мүгедектігі бар әйелдер мен қыздар да білімге, медицинаға, жұмыспен қамтуға және қоғамдық өмірге тең қол жеткізуге тиіс. Біздің міндетіміз – ешкімді назардан тыс қалдырмау», деді.

Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Айгүл Нәдірқұлова: «Инклюзия қағидаттарын ілгерілету және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу – Қазақстан үшін басым бағыт болып қала береді. Халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу арқылы мүгедектігі бар әйелдер мен қыздарға тең мүмкіндіктер беретін инклюзивті қоғам құра аламыз», деп атап өтті.

Конференция Тұрақты даму мақсаттарын орындау, БҰҰ мүгедектер құқығы жөніндегі конвенциясы мен әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою туралы конвенция ережелерін жүзеге асыруға бағытталған халықаралық міндеттемелерді қолдауға өз үлесін қосады. Сонымен қатар, іс-шара Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адам құқықтары мен гендерлік теңдік саласындағы басымдықтарын алға жылжытуға септігін тигізеді.