Суретшінің бір мұраты – көңіл қатпарына жасырынған сезім мен ойды, уақыт пен кеңістікті үнсіз тілдестіру. Ескі мен жаңаны ұштастырған шебер Асқар Ахаманның шығармалары – осы үнсіз диалогтің айқын дәлелі. Оның кенебі – философиялық толғаныстар мен мифологиялық астарға, рухани символикаға толы көркем әлем.
Суретші қолтаңбасында адам мен ғаламның мәңгілік байланысы, рух пен материя арасындағы шекара, уақыт пен кеңістіктің тоғысуы көрініс табады. Бұл туындылар тарих тылсымынан сыр тартып, дәстүр мен ділге негізделген пішіндер арқылы өріліп отырады. Мұндағы әрбір штрих – ой, әрбір бояу – үнсіз сыр. Автордың Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде өткен шығармашылық көрмесіндегі 60-тан аса кескіндемелік туынды көрерменін ой құшағына тартатыны сондықтан.
Шынайы өмір тынысынан сыр шерткен композициялық идеялар ішкі рухани ізденіске бағыттайды. Айталық, «Үнсіздік», «Қара шаңырақ», «Жалғыздық белгілері», «Күту», «Түс», «Әкелер жолы», «Өмірдің басталуы», т.б туындыларындағы пішіндер мен түстер философиялық астарға толы. Нәзік талғам, әр детальға деген ұқыптылық картиналардың мазмұнын байытып, өнерді көру ғана емес, сезіну қажеттігін ұқтырады.
«Асқар Ахаман шығармаларында қолданылған пішіндер мен түстердің үйлесімі, кеңістіктегі қозғалыс пен уақыттың ағысы адамның ішкі жан дүниесімен үндесе отырып, оның өмірлік жолындағы күрделі сезімдері мен күйзелістерін бейнелейді. Әрбір туындысында суретші шынайы болмысты көркемдік тілмен шебер жеткізеді. Бұл туындылар мәңгілік өмір мен өлім, жалғыздық пен үміт, бастау мен аяқталу арасындағы шексіз байланыстарды жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді», дейді өнертанушы Гүлнар Жұбаниязова.
Суретші мәңгілік сауалға мән іздейді. Шығармаларында бейнеленген әрбір көрініс – тіршіліктің түпкі өзегіне бойлау, адамзаттың рухани болмысына үңілу деп топшыладық. Ол ізгілік пен мейірімнің ғаламға сәуле шашар шынайы нұр екенін айтып, «тазалық – тәнде ғана емес, жан мен пейілде» деген үндеу тастайды. Сол арқылы көрерменге арман мен ақиқаттың, сағыныш пен үміттің, өткінші мен мәңгіліктің арасындағы нәзік байланысты сезіндіргісі келетіндей.
АЛМАТЫ