Абай облысында балалар шығармашылығы мен спорттық секцияларға бөлінген мемлекеттік қаржыны жымқыру ісіне нүкте қойылды. «SAMGAU өнер&спорт мектебі» ЖШС директоры 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, күдікті «Damu Bala» платформасы арқылы іске асырылатын жан басына қаржыландыру бағдарламасын пайдаланып, жалған деректер ұсынған. Есеп құжаттарында шын мәнінде жұмыс істемеген үйірмелер көрсетіліп, мемлекеттік қаражат негізсіз бөлініп отырған.
«Есеп құжаттарында көрсетілген кейбір балалар шын мәнінде сабақтарға қатыспаған, тіпті кейбіреуі өздерінің бұл бағдарламаға «қатысушы» ретінде тіркелгенінен мүлдем бейхабар болған. Мәселен, бір бала Алматы облысында тұратынына және ешбір үйірмеге қатыспайтынына қарамастан, Абай облысында бейнелеу өнері үйірмесінің қатысушысы ретінде тіркелген», делінген хабарламада.
Заңсыз схема арқылы мемлекетке 23 миллион теңге шығын келген. Тергеу барысында бұл қаражат күдікті тарапынан толық өтелген.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, шартты жазаға кесілген. Дегенмен үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.