2013 жылдан бері қыркүйектің екінші жексенбісінде елімізде Отбасы күні аталып өтеді. Мерекенің негізгі мақсаты – мәдени құндылықтарды, дәстүрлерді сақтау, өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, отбасы институты арқылы демографиялық, әлеуметтік проблемаларды еңсеру жөніндегі мемлекеттік міндеттерді жүйелі іске асыру.
Елімізде отбасы саясаты қашаннан əлеуметтік даму стратегиясының негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып келеді. Ең басты бағдарламалардың бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы, жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіліп, үлгілі отбасыларды жан-жақты дәріптейді. Мереке аясында көпбалалы, үлгілі отбасылар марапатталып, жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Мемлекет басшысы атап өткендей: «Жастардың құқықтық санасына отбасындағы тәрбие үлкен әсер етеді. Мұны ұмытуға болмайды. Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деген сөз бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады. Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады. Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді».
Отбасы – баланың тәрбиесі, рухани дамуы мен ұлттық сана-сезімі қалыптасатын алғашқы орта. Тұрақты, қалыпты отбасылар – кемел мемлекеттің кепілі. Отбасы арқылы салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ана тілі, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты ұлт рухының негіздері ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Бақуатты, байыпты отбасылар – қоғамдағы тыныштық пен келісімнің тірегі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, балалары бар отбасылар, жұмыс істемейтін аналарға ай сайынғы төлемдерден бастап, бір жарым жасқа толғанға дейін, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін арнайы жәрдемақыларға дейін мемлекеттік қолдаудың кең ауқымын қамтиды.
Биыл 1 қаңтардан бастап балалары бар отбасыларға берілетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 6,5%-ға өсті. Бұдан бөлек, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен, I, II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен немесе «Батыр Ана» атағына ие болған аналарға арнайы төлемдер мен жеңілдіктер көзделген. Сондай-ақ «Наурыз», «Жас отбасы» бағдарламалары, ипотекалық несие берудің басқа да жеңілдікті тетіктері арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік мол.
Ана мен бала денсаулығы – мемлекеттік отбасылық саясаттың басым бағыты. 2024 жылы елімізде өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,4 жасқа жетті, ал ана өлімінің көрсеткіші 12%-ға төмендеп, тарихи ең төменгі деңгейге түсті.
Сонымен қатар Президенттің бастамасымен 2020 жылдан бастап «Аңсаған сәби» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді, соның арқасында осы кезге дейін 10 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Әйелдердің репродуктивті денсаулығын нығайтуға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Сонымен қатар шалғай ауылдарда тұратын, тәуекел тобындағы жүкті әйелдерді алдын ала ауруханаға жатқызуға арналған «Саламатты ана» пансионаттары ашылып жатыр.
Былтыр балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау жүйесін нығайту бағытында елеулі өзгерістер болды. Мәселен «Білім беру және тәлімгерлік мәселелері туралы» заң қабылданды. Соның арқасында елде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қоғамға бейімдеуге арналған тәлімгерлік институты құрылды. 2024 жылғы 16 маусымда «Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігі туралы» заң күшіне енді. Заң адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтудағы маңызды қадам болды: ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін күшейтті, балаларды қатыгездіктен қорғау шараларын кеңейтті, әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін қатаң жазалар белгіледі, сондай-ақ алдын алу шараларының кешенін қарастырды.
2024 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске түзетулер енгізуді көздейтін заңға қол қойды. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың жаңа түрі – кәсіби отбасылар институты биылғы 1 шілдеден бастап енгізілген басты жаңалықтың бірі. Заңның бұл нормасы еліміздегі жетімдерді тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік мекемелерді кезең-кезеңімен жабу, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ психологиялық жарақаттардың алдын алу мақсатында енгізілді.
Отбасы күні – мейірім мен махаббатқа, бірлік-берекеге үндейтін жайдарман мереке. Ол жастарға отбасылық өмірдің маңызын түсіндіріп, ерте жастан жауапкершілікке баулиды. Отбасы құндылықтары – ұлттың іргетасы, ұрпақты тәрбиелейтін, қоғамды ұйыстыратын рухани негіздер жиынтығы. Оларды сақтау мен дамыту – әр азаматтың борышы.