• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 15:49

Әйелдер ерлерге қарағанда қатерлі ісікке жиі шалдығады

50 рет
көрсетілді

Елімізде қатерлі ісікке шалдыққан 236 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда тұрады. Ең өкініштісі, жыл сайын 41 мыңнан астам науқасқа онкологиялық ауру диагнозы қойылып, аурудың осы түріне шалдыққан науқас саны 5-6%-ға көбейеді, деп жазады Egemen.kz.

Қатерлі ісік аурулары бізде ғана емес, бүкіл әлемде көбейіп барады. Дәрігерлер мұның себебін халықтың қартаюымен, өркениеттің көптеген факторының әсер етуімен байланыстырады. Яғни, дене қозғалысы белсенділігінің төмендігі, дұрыс тамақтанбау, генетикалық, соматикалық мутацияларды жүзеге асыру, тағысын-тағы. Кейінгі 10 жылда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 63 жағдай тіркелген. Елімізде аурудың белгілеріне қарай диагнозды ерте қою қиын болып тұр. Демек, диагностиканы күшейту қажет. 2008 жылдан бастап жатыр мойны, сүт безі, тоқ ішек қатерлі ісіктерін ерте анықтауға қатысты скринингтер енгізілген. Жыл сайын осы бағдарламамен 2,8 миллионға жуық адам қамтылады. Бұл 230 мыңнан астам қатерсіз, ісік алды ауруларын анықтауға, емдеу тиімді болатын ерте кезеңдердегі қатерлі ісіктердің 2800-ден астамын диагностикалауға мүмкіндік береді. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов онкологияға қатысты ахуал туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

 «Әйелдер ерлерге қарағанда қатерлі ісікке жиі шалдығады. Сүт безі, жатыр мойны қатерлі ісігі көп тіркеледі. Алайда қайтыс болғандардың 53%-ы – өкпе мен асқазан қатерлі ісігіне шалдығатын ер адамдар. Бұл ауруларда өлім-жітім деңгейі жоғары. Онкологиялық аурулардың таралуын басқа елдермен, мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстыратын болсақ, бізде онкологиялық аурулармен сырқаттану мен өлім-жітім әлдеқайда төмен», деді Е.Бекмұхамбетов.

Елдегі скринингтердің тиімділігін арттыру мақсатында онкоскринингтерге нысаналы топтарды қамтуды 2028 жылға қарай тиісті халықтың 90%-на дейін жеткізу жоспарда бар. Жыл сайын 20 өңірлік, 2 ұлттық онкологиялық орталықта 57 мыңнан астам хирургиялық көмек көрсетіледі. Оның 20%-ын күрделілігі III-IV санаттағы операция құрайды. Елде сәулелік терапияны қолдана отырып, онкологиялық науқастарға көрсетілетін көмек те дамып келеді. Былтыр 5 өңірде қосымша 6 жаңа желілік үдеткіш пайдалануға берілді. Биыл, келер жылы тағы 10 желілік үдеткіш орнатылады. Төрт заманауи сызықтық үдеткіші бар Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық жұмыс істей бастады. Осылайша, 2028 жылға қарай сәулелік терапияны жүргізуге арналған заманауи жабдықтармен жарақтандыру 85%-ды құрайды. Сәулелік терапия қажеттіліктің 80%-ын қамтуы тиіс.

«Қазақ онкология институтында қатерлі ісіктерді хирургиялық емдеудің жаңа әдістері енгізіліп жатыр. Бұл – онкоурология, онкогинекология, іштің онкологиясындағы роботты хирургия, онкологиялық диагноз кезінде қаңқа сүйектерінің 3D протезделуі. Бас, мойын ісіктеріне микрохирургиялық операция жасау жоспарда бар. Сонымен қатар, «Дәрігер – МАЖ – Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесі» моделі жетілдіріліп жатыр. Бұл пациент туралы бүкіл мәліметті ақпараттық жүйеде диагнозды растаудан бастап, емдеу тактикасы жөніндегі көпсалалы топтың шешіміне, емдеу жоспарының орындалуына, аурудың өршуі жағдайында есірткі анальгетиктерін тағайындауға дейін тиімді бақылауға мүмкіндік береді», деді Е.Бекмұхамбетов.

Халықаралық стандарттарға сәйкес онкологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу хаттамалары үнемі жаңарып отырады. Бұл дәрілік терапияның қолжетімдігін арттырып, қаражатты тиімді пайдалануға ауадай қажет.