Әлемнің әр түкпірінен ділі мен діні бөлек болса да, ниет-тілегі бір рухани көшбасшылардың басын бір ортада қосып, «бейбітшілік пен келісім» атты адамзатқа ортақ құндылықты дәріптеуге бағытталған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі де өз жұмысын тәмамдады. Әлемге мейірім мен махаббаттың, толеранттылық пен татулықтың дәнін сеуіп жүрген съездің миссиясы мұнымен тоқтамақ емес. Делегаттар, амандық болса, 2028 жылы елорда төрінде тағы да кездесуге уағдаласып, дәстүрлі декларация қабылдады.
Расында, бұл съездің уақыт өткен сайын мәртебесі артып, көтерілетін тақырыптарының да өзектілігі алға озып барады. Өкініштісі, кейінгі жылдары әлем құбылмалы геосаяси ахуалды бастан кешіре бастады.
Әр жерде тұтанған әскери қақтығыстар мен үлкенді-кішілі соғыс ошақтарындағы халық әбден қажып-ақ жатыр. Сол себепті де съезд аясындағы пленарлық, секциялық отырыстарда, дөңгелек үстелдерде сөз сөйлеп, баяндама жасаған, журналистерге сұхбат беріп, пікір білдірген делегаттар жаһандық тыныштықтың шырқын кетіріп тұрған терроризм мен соғыс сынды зұлым-күштерді айыптап, барынша бейбітшілік тұрғысынан ой айтып, ұсыныс білдірді.
Съезд соңында қабылданған декларацияның 13-тармағында: «Біз экстремизмнің, радикализмнің және терроризмнің кез келген түрі мен көрінісін қатаң айыптаймыз, сондай-ақ дінді саяси мақсаттарда пайдалануға мүлде жол берілмейтінін атап өтеміз. Осы бағыттағы діни және саяси көшбасшыларды ынтымақтастыққа шақырамыз», делінген. Мұндай бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев та пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде құптап, қостады.
«Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбейіп барады. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алып отыр. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады», деген Қасым-Жомарт Тоқаев қорытынды жиында сөйлеген сөзінде жаһанда түбегейлі өзгерістер орын алып жатқан кезеңде дін көшбасшылары барша халыққа адамгершілік қасиеттер мен гуманистік құндылықтардың шамшырағы болуға тиіс екенін жеткізді.
Жалпы, үш жыл сайын өтетін жаһандық съезд жұмысының қорытындысын шығаратын декларацияға тоқталсақ, 34 тармақтан тұратын бұл құжат БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде тіркеліп, әлемге таратылмақ.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін 2033 жылға дейін дамыту тұжырымдамасында» бекітілген құндылықтар мен мақсаттарға адалдығымызды растай келе, мәдени және діни әртүрлілікті құрметтеудің маңыздылығын атап өте отырып, сондай-ақ әлемнің түрлі аймағында жалғасып жатқан қақтығыстарға, олармен қатар жүретін гуманитарлық дағдарыстар мен бейбіт тұрғындардың азап шегіп жатқанына қынжыла отырып, осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс құру мақсатында ізгі ниетті барлық адамның күшін біріктіру жөніндегі үндеуін құптай қабылданған құжат съездің салмағын ауырлатпаса, мәртебесін төмендете қоймас.
Бұл жолғы басқосудың басты тақырыптарының бірі ретінде жасанды интеллектінің қоғамға келтірер пайдасы мен төндірер қауіп-қатерлері де сөз болды. Секциялық отырыстардың бірі цифрлық даму мен жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтар мәселесіне арналды.
Отандық маман, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның жасанды интеллект мәселелері жөніндегі атқарушы директоры Алексей Самойлов жасанды интеллектінің адам қолынан шыққан туынды екенін ұмытпауымыз керектігін айтты.
– Ол – өздігінен пайда болған сананың жаңа түрі емес. Біз – рухани әрі саналы әлемнің перзентіміз. Сондықтан жасанды интеллектінің керемет құдіреті жоқ. Ол бар болғаны инженерлік ойдың жемісі ғана, адамның қажетіне қызмет етуге арналған құрал, – дейді ЖИ маманы.
Расында, кезінде ғаламтор деген «құдыреттің» нағыз прогреске айналған кезінде жұрт барлық керегін, тіпті діни мәліметтерді де осы интернет желісінде жасырылған «уағызшылардан» алды. Адасушылықтың көкесі сонда болған. Әрине, съезд барысында жасанды интеллектінің жайы қозғалғанда осы мәселе де ұмыт қалмады. Қазіргі ақпараттық технология жемісі саналатын нейрожелінің мүмкіндігі өте көп. Алайда А.Самойлов жасанды интеллектінің түрлі пікірдің алуан қырын ажырата алмайтынын, дәстүрді білмейтінін, діни сенім тұрғысындағы тәжірибесінің жоқтығын ескерте кетті.
Кім біледі, қамысты бос ұстасаң қолды қиятыны сияқты, жасанды интеллектінің де алдағы уақытта жылдар бойғы қордаланар қаупі, террористік актінің де салдарынан анағұрлым салмақтырақ болып шығуы әбден мүмкін. «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Сол себепті, съездің бір тақырыбы ЖИ-ді тиімді пайдаланып, оның қаупінен қорғану мәселесіне арналғаны көңілге қона кетті.
– Бүгінде жасанды интеллект экстремистік мазмұндағы материалдарды бақылауға, интернеттегі зорлық-зомбылыққа шақыруларды анықтауға қолданыла бастады. Алгоритмдер орасан ақпарат ағынын талдап, қауіп туралы дер кезінде белгі береді. Бұл қауіпті идеялардың таралуына тосқауыл қоюға, қоғамдағы тыныштықты сақтауға көмектеседі. Әрине, жасанды интеллектінің өзі зұлымдықты жеңе алмайды, бірақ ол қоғамның, құқық қорғаушылар мен бейбітшілік орнатушылардың қолындағы тиімді құралға айнала алады, – дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның жасанды интеллект мәселелері жөніндегі атқарушы директоры Алексей Самойлов.
Ол осы баяндамаға дайындалу барысында Дубайдағы әріптестерінің тәжірибесімен танысыпты. Айтуынша, бірнеше жыл бұрын Біріккен Араб Әмірліктері «кибер-муфтиятты» іске қосты. Бұл – әлемдегі алғашқы мемлекеттік AI-қызмет, ол онлайн режімде діни сұрақтарға жауап береді. Жобаның басты мақсаты жастарды интернеттегі радикалды үгітшілермен бетпе-бет қалдырмау екен. Яғни рухани қолдау-кеңес іздеген адам ресми чат-ботқа жүгініп, дәстүрлі исламға негізделген кез келген жауабын ала алады. Қазіргі заманға сай бұл бастаманы съезд қатысушылары да қолдай кетті.
Қорыта айтсақ, съездегі әлем жұртшылығын, саяси көшбасшыларды бірлікке, қантөгіссіз бейбіт өмірге шақыру бастамалары құр ұран күйінде айтылмады. Делегаттар небір ойды ортаға салды, қағазға хатталды, ол ұсыныс-пікірлер декларация болып қабылданып, БҰҰ-на жолданды. Тыныштық пен татулықтың жаршысындай болған ресми Астана келесі съезді қарсы алуға да дайын екенін көрсетті.