Мемлекеттік орталық музейде суретші ABTU ANET-тің «Менің үйім» деп аталған жеке көрмесі ашылды. Экспозиция табиғатты қорғау идеясын арқау еткен, пейзаж арқылы экологиялық үндеуге айналған кескіндемелік шығармалардан тұрады, деп жазады Egemen.kz.
Суретшінің кенебінде Алматы облысының ең көркем әрі нәзік табиғи аймақтары — Қайыңды мен Көлсай көлдерінен бастап, Шарын шатқалы мен Іле Алатауына дейінгі тұмса табиғат бейнеленген.
Қылқалам иесі көрерменді терең ойға тартатын бірегей топтамасын табиғи аймақтардың жаппай туризм салдарынан қалай өзгеріп жатқанын өз көзімен көргеннен кейін жаза бастаған. Көлсай, Есік, Шарын және Үлкен Алматы көліне жасаған сапарлары оған шабыт беріп қана қоймай, экологиялық мәселелерге көркемдік тұрғыдан үн қатуға түрткі болыпты. Сол әсерлердің нәтижесінде жазылған кенептегі кескіндемелер — суретшінің жастық шағында көрген табиғат аясындағы естеліктері мен жан дүниесіне тыныштық сыйлаған, қорғап қалғысы келетін ерекше мекендерге деген сағынышының көрінісі.
Өнертанушылардың пікірінше, «Менің үйім» көрмесі белгілі бір мағынада жаңа кезеңнің, қайта өрлеудің символы ретінде қарастырылады. Экспозициядағы әрбір туынды — пейзаж ғана емес, табиғатқа құрметпен және сақтықпен, саналы түрде қарауға шақыратын визуалды үндеу. Көрмеде ұсынылған бірнеше кескіндеме халықаралық деңгейде танылып, Лондонда өткен беделді Golden Talent байқауында жүлделі орын алған.
«Көрменің мақсаты — өнер мен экологиялық белсенділікті біріктіріп, көрерменді көркем бейненің күші арқылы табиғатқа қамқор болуға шабыттандыру. Менің өнерім – менің өмірім. Картиналарымдағы жарқын реңктер – менің өмірге деген көзқарасымды, көңіл-күйімді жеткізеді. Табиғатты аялау баршаға ортақ парыз»,-дейді көрме авторы.