• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жасанды интеллект Бүгін, 08:40

ЖИ бағытындағы батыл қадам

20 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыру және экономиканы жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект техноло­гияларын барынша енгізу арқылы жаңғырту» стратегиялық мақсаты еліміздің болашақ дамуының негізгі бағыты ретінде айқындалған. Бұл мәлімдеме елдің цифрлық трансформацияға деген батыл ұмтылысын және оны жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жасау қажеттігін көрсетеді.

Осы орайда «батыл ұсыныс» деп бекер айтып отырған жоқпын. Өйткені ЖИ-ге сену, оған сенім арту, осыған дейін адам атқарған қызметті жүктеу, соған қарай бет бұру және оны мемлекеттік деңгейде жаппай енгізу, оны Мемлекет басшысының нығыздап айтуы – алапат батылдықты талап етеді. Себебі бұл – айтуға оңай болғанымен, салмағы ауыр үдеріс. Маман даярлау қажеттігі, ин­фрақұрылымды жасау қажеттігі, үлкен мәліметтер қорымен жұмыс, үдеріс­терді реинжиниринг жасау деген се­кіл­ді көптеген алғышарт бар. Қызық бол­ғанда, өзге дамыған елдер 15–20 жылда жүріп өткен алғышарттарды біз қас пен көздің арасында игеруіміз қажет. Нелік­тен? Әлемнің, заманның талабы сондай.

Өзім жиі айтатын мысал бар. Ыбырай Алтынсарин атамыздың осыдан бір ғасыр бұрынғы «Өнер-білім бар жұрттар…» өлеңі. Ыбырай атамыз сол өлеңді жаз­ған кезде, яғни ХІХ ғасырдың соңғы жағын­да ағылшын инженері Ч.Бэббидж ариф­метикалық компьютер жасап, Ада Лавлейс оған компьютерлік бағдарлама жазып жатты.

Ал енді цифрлық трансформацияның контексі және мақсатына келер болсақ, Жолдауда қазіргі әлемнің бұлыңғыр және тұрақсыз екені, ал Қазақстанның жап­пай цифрландыру және жасанды интеллект (ЖИ) дәуіріне қадам басқаны атап өтілді. Бұл дәуір адамзат үшін оңай болмайтыны анық, алпауыт елдер арасындағы қайшылықтар мен қақтығыстардың өсуі байқалады. Кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табыстарға жетіп жатыр. Бұл кейбір елдер деп отырғанымыз АҚШ, Англия, Франция, Қытай, Ресей жатады. ЖИ-дің қарқынды дамуы халықтың, мемлекеттің, қоғамның жекелеген адамдардың, экономиканың, әлеуметтің, барлығының-барлығының болмысына әсер етеді. Осы түбегейлі өзгерістерге дайын болу, дайын болып қана қоймай, оған еру, оны игеру, жасау қажеттігі баса айтылды. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады. Әрине, мақсат біреу. ЖИ-ді жап­пай енгізу және жаппай цифрландыру арқылы еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттыру. Өйткені кез келген технологияның табиғаты секілді, ЖИ табиғаты да сол: өнімділікті арттыру, шығынды азайту, үдерісті жеделдету.

Жолдауда айтылған ЖИ-ге қатысты мәселелерге қайтадан көз салайықшы:

Біртұтас тұжырымдамалық құжат: Осы мақсатты орындау үшін цифрландыру мен ЖИ-ді дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұ­жы­рымдамалық құжат әзірленеді. Онда барлық бастама мен жоба жал­пыұлттық стратегия аясында біріктіріледі. Институционалдық және заңнамалық реформалар:

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру: Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жаңа министрлік құрылып, оны Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаратын болады.

Цифрлық кодексті қабылдау: Бұл заң цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттарын, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика және үлкен дерекқорларды пайдалану мәселелерін айқындайды.

Заңнаманы реттеуде ЖИ-ді қол­дану: Заңнаманы тексеру және ретке келтіру үшін жасанды интеллект технологиясы жылдам әрі тиімді қолданылады.

Интеллект арқылы реттеу ор­та­лығы: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан құры­латын бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен және тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады.

Экономика салаларындағы ЖИ мен цифрландыруды енгізу:

Экономиканы жаңғырту: Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізетін болады.

Жер қойнауына қатысты мәліметтер: ЖИ арқылы жүйеленеді.

Ауыл шаруашылығы: ЖИ-ді қолда­нып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спут­ник арқылы мониторинг жасалатын болады.

Көлік және логистика: Тасымалды бас­қарудың кешенді, көпбейінді цифрлық плат­формасын ЖИ арқылы жасайтын болады.

Құрылыс: «Building Information Modeling» (BIM) сияқты ЖИ техноло­гия­лары­ның көмегімен ғимараттарды ақ­­параттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану туралы айтылды. Құрылыстың барлық кезеңін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформа іске қосылады.

Су ресурстарын басқару: ЖИ негізін­де жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақтайтын бірыңғай цифрлық платформа жасалатын болады.

Салықтық әкімшілендіру: Мемлекет­тік кірістер комитеті ЖИ әлеуетін салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолданады.

Денсаулық сақтау: ЖИ технология­сын қолданып, медициналық қызмет­тер­дің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастырады.

Демографиялық үдерістер: Стра­тегия­лық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен ЖИ технологиялары енгізілген орталық құрылады.

Алатау қаласы: Аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс, мұнда «Smart City» технологиялары­нан бастап, тауарлар мен қызмет ақы­сын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтар енгізіледі.

Ештен кеш жақсы демекші, бұл ауқымды жұмыстардың бәлкім кейбірі жасалып та жатқан болар, кейбірі жос­парда тұрған да болар, дегенмен, енді одан әрі қарқынды түрде іске асыруды талап етеді. «Ал енді осының барлығын жасайтын мамандар қайда?» деген сұраққа да жауап берілген секілді. Адам капиталын дамыту жөнінде оқушылар деңгейінде, студенттер деңгейінде, жас мамандар деңгейінде бірқатар тапсырма берілді. Мысалы, ЖИ-мен жұмыс істеу құзыретін мектеп қабырғасынан бастап, ерте жастан қалыптастыру, сондай-ақ ұстаздардың ЖИ технология­сын меңгеру дағдысын қалыптастыру туралы айтылды. Соған «Qazaq Digital Mektebi»: Қашықтан оқыту және ЖИ технологиясы негізінде шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу туралы мәлімдеме де кіреді. Одан да жақсы бір серпін беруі қажет жаңалық, ол – университеттерге еркіндік. Яғни жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беру ұсынылады. Бұл – шындығын айтқанда, көптен күткен жаңалық. Қорыта келгенде, еліміздің үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналуы және экономиканы жаппай цифр­ландыру мен жасанды интеллект технологияларын барынша енгізу арқылы жаңғыртуы – технологиялық жаңғыру ғана емес, сонымен қатар қоғамның барлық саласын қамтитын, адам капиталын дамытуға бағытталған кешенді реформа. Осы мақсатқа жету үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, Цифрлық кодексті қабылдау, ЖИ-ді экономиканың әртүрлі саласына енгізу және білім жүйесінде ЖИ қабілеттерді дамыту сияқты нақты қадамдар көңілді көншітеді. Бұл шаралардың түпкі мақ­саты халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің жан-жақты өрлеуін қам­та­масыз етуге бағытталған әрекет екені­­не нық сенімдімін. Бастысы, Үкі­мет тиіс­ті деңгейде атқарса болғаны. Бар­лы­ғымыздың үмітіміз бен күтетініміз осы.

 

Тимур Бектұр,

ІТ аналитик, ЖИ маманы