Бүгін – Алматыда футбол мерекесі. Құрылғанына 70 жылдың бедері болған «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі кезекті матчына қатысады. Қарсылас – УЕФА Чемпиондар лигасын 15 мәрте жеңген Испанияның «Реал Мадрид» клубы.
Кешелі бері ұйқысы қашқан алматылықтар «Тойдың болғанынан боладысы қызық» екенін сезініп жатыр. Тек шаһар тұрғындары ғана емес, өзге өңірлерден, шетелден табаны тиген жанкүйерлер де «Қайрат» пен «Реал Мадрид» тартысының даңқын биіктетіп жіберді. 28 қыркүйектің түнінде Алматыға қонған «Реал Мадрид» командасын ұйымдастырушылар әуежайдан сән-салтанатпен қарсы алды. Сегіз сағат бойы қазбауыр бұлттардың үстінде қалықтап жеткен қонақтар ат байлап, аялдаған қонақүйді маңайлаған жанкүйерлер әлем жұлдыздарының әр қимылын мүлт жібермей торуылдады.
Корольдік клубтың бас бапкері Хаби Алонсо қақпашылар Тибо Куртуа, Андрей Лунин, Хави Наварро, қорғаушылар Давид Алаба, Рауль Асенсио, Альваро Каррерас, Фран Гарсия, Дин Хейсен, Давид Хименес, жартылай қорғаныста Джуд Беллингем, Эдуардо Камавинга, Федерико Вальберде, Орельен Чуамени, Арда Гүлер, Дани Себальос, шабуыл шебінде Винисиус Жуниор, Килиан Мбаппе, Эндрик, Родриго, Гансало Гарсия, Браим Диас, Франко Мастантуононы «Қайратқа» қарсы матчқа шақыртты. Әлем футболының осындай белді өкілдерін көруге жанкүйер қауымның ықыласы артып, ынтызар болуы заңдылық та.
Мұндай абыр-сабырда тиынын пұлдап, теңгелеп пайда көргісі келетін алыпсатарлардың да айы оңынан туатыны белгілі. Клуб өзінің ресми сайтында матчтың билеті 23 қыркүйекте кешкі сағат 17:00-ден бастап сатылатынын хабарлады. Клубтың ресми сайты мен Ticketon платформасында сатылымға шығып, ЖСН бойынша бір адамға тек екі билет қана сатылатыны айтылды. Деректер сатып алу кезінде де, стадионға кіргенде де мұқият тексерілетінін ескертті. УЕФА-мен келісілген, барлық ойынға бірыңғай белгіленген билеттің бағасы секторға қарай 30 000-250 000 теңге аралығында сатылды. Баға саясаты турнир талаптарына, Чемпиондар лигасы матчтарын ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес келді деп мәлімдеді клуб өкілдері. 300 мыңнан астам жанкүйер платформаға алдын ала кезекке тұрды. Сатылымға түскен билеттерді жанкүйерлер үш сағаттың ішінде пышақ үстінен бөліп әкетті. Есесіне енді әлеуметтік желі бетінде билет сатушылардың хабарламасы көз сүріндіріп тұр.
1958 жылы салынған Алматыдағы «Орталық стадионның» сыйымдылығы – 23 804 орын. Стадиондағы орындардан квота клубтың әлеуметтік бағыттағы ұстанымдарына сай паралимпиадалық спорт түрлерімен шұғылданушыларға, «Қайрат» академиясы мен клуб филиалдарының бапкерлері мен тәрбиеленушілеріне, қызметкерлер мен ардагер ойыншыларға берілді. Сондай-ақ «Қайраттың» демеушілеріне екіжақты серіктестікке орай билеттер берілді. 20 мыңнан астам билетке күнұзақ кезекке тұрған жанкүйерлердің көпшілігіне матчты стадионнан тамашалау орайы тумады.
«Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин бүгінгі матчтағы басты нәтиже жеңіс екенін айтты. «УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығып, әлемнің таңдаулы клубтарына қарсы ойнау ақиқатқа айналды. Біз бүгін ойынның сапасына мән беруге күш саламыз. 18 қыркүйекте Лиссабонда «Спортингке» қарсы өткен ойында қарсыластың деңгейі бізден әлдеқайда жоғары екені анық байқалды. Олардың қысымына барынша шыдас бердік. Бірнеше сағат ұшып, ерсоқты болып шаршағанымыз да әсер етті. Бүгін өз алаңымызда әлемнің үздік клубына қарсы ойнаймыз. «Реал Мадридтің» бас бапкері Хаби Алонсо бұған дейін Германияның «Байер» клубын баптаған кезеңде әр жаттығу тәсілдерін ғаламтордан көріп, тәнті болатын едік. Өте білікті бапкерден көп нәрсе үйрендік», деген Рафаэль Уразбахтин корольдік клубтың тізгінін ұстағанына төрт ай ғана болған Алонсо мақсатын толық іске асырмағанын, әлі де шеберлігімен даңқы асқақтайтынын айтты. Өзі үлгі тұтқан бапкердің баулыған футболшыларына қарсы тартысқа түсудің жауапкершілігі зіл батпан екенін де атап өтті.
Алматылық «Қайрат» бүгін мадридтік «Реалға» қарсы тартыста қайрат таныта ала ма? 27 қыркүйекте Испания Ла Лигасының кезекті турында «Атлетико» ойыншылары «Реал» командасын 5:2 есебімен ойсырата ұтты. «Қайрат» ел чемпионатындағы маңызды матчтың бірі саналған тартыста «Жеңіс» клубын 3:1 нәтижесімен жеңді. Бас бапкер бүгінгі тартыста ұпай олжалауға барымызды саламыз деді. Лайым солай болғай.