• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:23

Саңлақтар алаңнан кетті

20 рет
көрсетілді

Футзалдан 2026 жылы өтетін Еуропа чемпионатының соңғы іріктеу сынында Италияға есе жіберіп, қарт құрлықтың басты доп додасынан шет қалғаннан кейін еліміз құрамасының үш бірдей белді ойыншысы ұлттық команда сапынан кететіндерін ресми түрде мәлімдеді.

Бірінші болып Шыңғыс Есенаманов мәлімдеме жасады. Әлеуметтік желіде ол: «Достар, мен 16 жыл бойы еліміздің құрамасы сапында өнер көрсеттім. Сол аралықта жеңіс те, жеңіліс те болды. Жанкүйерлер бізді әркез қолдап отырды. Сол үшін де баршаңызға алғыс айтқым келеді. Маған ең бастысы, ұлттық команданың жейдесін киіп, әлемнің әр қиырында өткен байрақты бәсекелерде өз еліміздің әнұранын шырқату еді. Ол арманыма жеттім. Енді қош айтысатын кез келді», деген жазба қалдырды.

1989 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген Шыңғыс біраз шыңды бағындырды. Спорттық мансабын жергілікті «Тұлпарда» бастады. Жеті жыл бойы сол команданың намысын қорғап, алты рет ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанды, бір рет қола медаль иеленді. Кубоктік сайыста екі мәрте бас жүлдені олжалады. 2012, 2015 жылдары еліміздің ең үздік футзалшысы деп танылды. Одан кейін сегіз жыл «Қайраттың» сапында ойнады. Алматылықтармен бірге талай дүбірлі додада дараланды. УЕФА кубогі мен суперкубогін жеңіп алды. 2009–2015 жылдар аралығында ел құрамасының сапында жасындай жарқылдады. 2016 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ұлттық команда сапында Шыңғыс барлығы 116 кездесу өткізді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сол ойындарда 33 рет мергендік танытты. Енді міне, 36 жастағы әмбебап футзалшы өз орнын өкшелеп келе жатқан жастарға босатуды жөн көрді.

Ш.Есенамановпен бірге Дуглас Жуниор да Қазақстан құрамасы сапындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Оның да жасы 36-да. Ұзақ уақыт Чехияда өнер көрсеткен бразилиялық легионер 2014 жылы «Қайраттың» жейдесін киді. 10 маусым бойы клубтың тасқамал қорғаушысы болды. 2015 жылы Қазақстанның азаматтығын қабылады. Футзалда Дугластың да бағындырмаған белесі жоқ. 10 жыл ішінде 91 рет алаңға шыққан ол 65 мәрте мергендік танытып, жаңа рекорд жасады. Қазірде Жуниор Сауд Арабиясының «Ала-Ула» клубының намысын қорғап жүр.

Көп кешікпей Лео Мендонка елімізден кететінін айтты. 38 жастағы бразилиялық футзалшы жұлдызды кезеңін «Қайратта» өткізді. Алматылық команданың сапында көптеген жетістікке қол жеткізді. 2015 жылдан бері Мендока халықаралық додаларда еліміздің атынан сынға түсе бастады. Қол жеткізген табыстары толағай. Кейіннен Португалияның «Спортингіне» ауысты.

«Мен мұнда келген бетте Алатау баурайындағы әсем шаһар бірден өзіне баурап алды. Жергілікті халықтың қарапайымдылығы мен қонақжайлығына тәнті болдым. Қазақстанды кимай кетіп барамын. Баршаңызға мың алғыс. Сіздердің арқаларыңызда ел танитын азаматқа, әлемдік деңгейде мойындалған футзалшыға айналдым», деп Лео әлеуметтік желі арқылы өзінің ақжарма көңілін білдірді.