• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 08:50

Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы

10 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұстаздар қауымының қоғамдық жауапкершілігі мен беделін ерекше атап өтті.

– Міржақып Дулатұлы «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалім әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт болу үшін ең алдымен, білім-ғылымның дамуына баса мән беруіміз керек деп санайды.

– Кейінгі бес жылда елімізде осы бағытта көп жұмыс істелді. Білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. 1 200 жаңа мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба бо­йынша заман талабына сай 150 білім ошағы салынды. Сондай-ақ осындай 67 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Балалардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалуда. Бұл деректі халық білуі керек, себебі мемлекет жас ұрпақтың біліміне және ұстаздардың жағдайына баса назар аударып жатыр. Біз педагогтердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шараларды қолға алдық. Арнайы заң қабылдадық. Бүгінде ұстаздардың жалақысы екі есе өсті, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаз болу нағыз білікті, дарынды, шебер маманның ғана қолынан келетінін алға тартып, мұғалімнің еңбегі соған сай лайықты бағалануға тиіс екеніне тоқталды.

– Қазір білім нарығында бәсеке күшейді, көптеген жастарымыз ұстаз болуға ұмтылып жатыр. Әсіресе мектепті «Алтын белгімен» бітірген түлектердің арасында мұғалімдік жолын таңдаған­дар көп. Бұл – өте жақсы үрдіс. Мемлекет мұндай азаматтарды әрдайым қолдайды. Биыл мұғалімдер даярлау үшін 13 мыңнан аса грант бөлінді. Бұл – еліміздегі барлық гранттың бестен біріне жуығы деген сөз. Жалпы, білім саласында жүйелі жұмыс істеліп жатыр, нәтижесі де жақсы деп айтуға болады. Мысалы, былтырдан бері мыңнан аса оқушы түрлі пәннен халықаралық білім сайысында жеңімпаз атанды. Бұл – ұстаздардың белсенді жұмысының жемісі, дарынды жастарымыздың табанды еңбегінің нәтижесі. Мен тамыз айында олимпиа­да жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Ақордаға шақырып, оларға арнайы сертификаттар табыстадым. Бұл дәстүр жалғасын табады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ел жастарына зор үміт артып, өскелең ұрпақтың ертеңіне үлкен сеніммен қарайтынын жеткізді.

– Қазіргідей құбылмалы заманда сапалы біліммен қатар, саналы тәрбиенің маңызы ерекше. Біз осы мәселеге баса назар аударуымыз керек. Бұл іске мемлекет те, мектеп те, отбасы да бірдей атсалысуы қажет. Биылдан бастап барлық мектептің оқыту үдерісіне «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіліп жатыр. Басты мақсат – жас ұрпақтың санасына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру, оларды отаншыл рухта тәрбиелеу. Қазіргі таңда бүкіл халық «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға қомақты үлес қосып, осы маңызды жұмысқа белсенді түрде атсалысуда. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы – жай науқан емес, бұл – мән-мағынасы терең, еліміздің болашағына тікелей қатысы бар жұмыс. Сондықтан мен барлық мұғалімдер қауымына осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлт сапасының мықты болуына әсер етеді. Жалпы, алда әлі де көп жұмыс бар. Мен Тамыз конференциясында білім беру ісіне қатысты бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталдым. Үкіметке нақты тапсырмалар бердім. Оқу-ағарту министрлігі барлық жұмысты уақтылы әрі сапалы орындауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент заман талабына сай дамы­ған, озық ел болуға үндеп, білім беру ісіндегі цифрландыру мәселесіне назар аударды.

– Цифрландыру және жасанды интеллект технологиясы – қазіргі заманның ақиқаты. Сол себепті мен биылғы халыққа Жолдауымды осы өзекті мәселеге арнадым. Цифр­лық сауаттылықты балаларға мектептен бастап үйреткен дұрыс. Оқушылар озық тех­но­логияны оқуда тиімді пайдалана біл­гені жөн. Бұл – ұстаздарға да қатысты мәселе. Мұғалімдер заманауи дағдылар­ды жетік меңгеруі қажет. Жасанды интеллек­тіні білім саласында кеңінен пайдаланған абзал. Цифрлық ел болу – бір күннің шаруа­сы емес. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – мектептен бастап түбегейлі жаңа тәсіл­мен жұмыс істеу деген сөз. Сіздер, құрмет­ті ұстаздар, осы маңызды миссияны жүзеге асы­руға атсалысып, белсене жұмыс істейсіз­дер деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мем­лекеттік саясатында «Заң және тәртіп» қағидасы үстемдік құратынын жеткізіп, оны жүйелі жүзеге асыру нәтиже бере бастағанына тоқталды.

– 2019 жылдан бері қылмыстық құқық­бұзу­шылықтың саны екі есе қысқарды. Уәкілетті органдар бұл бағыттағы кешенді жұмысты жалғастыруы керек. Қоғам­да жоғары құқықтық мәдениет қа­лып­тастыруда Оқу-ағарту министр­лігі мен педагогтер айрықша рөл атқарады. Себебі әділдік, заң және тәртіп қағидаттары мектеп партасынан бастап орнығуы қажет. Осылай ғана біз өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуын қамтамасыз етіп, шын мәнінде Қауіпсіз, Қуатты және Әділетті Қазақстанды құра аламыз, – деді Президент.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады.

Президент қолынан мектеп мұғалім­дерімен бірге колледж және жоғары оқу орын­дарының оқытушылары, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалармен жұ­мыс істейтін мамандар да марапат алды.

Іс-шарада «Дарынды балаларға арнал­ған мамандандырылған «Дарын» лицей-интер­натының мұғалімі Мұхтар Талқан­баев пен «Школа Будущего «Әділет» балабақша-мектеп кешенінің мұғалімі Татьяна Құдайбергенова сөз сөйледі.