• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:17

Парламенттік реформа саяси жүйенің маңызын арттырады

10 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауы – еліміздің жаңа тарихи дәуірге қадам басқанын білдіретін стратегиялық маңызға ие құжат. Онда еліміздің беделін нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ілгерілетуге қатысты ұстанымдарымыз көрініс тапқан.

Жолдауда айтылғандай, Президенттің бір палаталы Парламентке көшу туралы бас­тамасы саяси жүйеміздің институционалды базасын нығайтуды көздейді және отандық саяси жүйенің жетілуінің, оның одан әрі институционалдық транс­формацияға дайындығының көрінісі. Әрі қоғамның сұранысы мен заман талабына сай саяси реформалардың жүйелі жалғасы.

Алайда Мемлекет басшысы 10 қыркүйек күнгі «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты Конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесуінде «Парламенттік республикаға айналу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты сақталады», деп нықтап айтты.

1995 жылы жүргізілген саяси реформалардан бері өткен 30 жыл ішінде елімізде парламентаризм институты толығымен қалыптасты деп айтуға болады. Президент айтқандай, сол отыз жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып, заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі бола алды. Ең бастысы, Конституцияда көзделген биліктің бір тармағы ретінде Парламентке ел халқының сенімі артты.

Дегенмен елімізде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде заң қабылдау құқығы Мәжіліске берілді. Түптеп келгенде, мұның бәрі Парламенттің институт ретінде қалыптасу кезеңінен өтіп, неғұрлым ықшам нысанда сапалы жұмыс істей алады деп тұжырымдауға негіз болады.

Кейінгі жылдары сарапта­малық ортада да, азаматтық қоғам арасында да «Парламенттің екі палатасын сақтап қалудың мәні жоқ, екінші палатаның болуы заң шығару үдерісінің тиімділігіне әсер етпейді» деген пікірлер өрбіді, талқылауларға тақырып болды.

Парламент заңды түрде екі палаталы болғанмен, іс жүзінде заңшығармашылық тұрғысында «қара жұмыстың» Мәжілісте атқарылатыны жасырын емес. Ал өңірлермен өзара іс-қимыл жасау – қазіргі таңда Парламент палаталарына ортақ шаруа.

Екі палата да халықпен және жергілікті органдармен кез­десулер өткізеді, қоғамдық тыңдауларға қатысады, Үкіметке сауалдар мен ұсыныстар жолдайды. Бұл ретте осы қызмет жиі қайталанады, осындай бас­тамалар Сенатта да, Мәжілісте де қаралады, шешімдер ұқсас сипатқа ие, бірақ заңнамалық үдерістің жалпы ілгерілеуін баяу­латады. Бұл ретте бір пала­талық жүйеге көшу арқылы парла­менттік құрылымды оң­тайлан­дыру қисынды қадам екені айқын.

Парламенттің бір палаталы моделі – әлемде кең таралған жүйе. Парламентаралық одақтың (IPU) мәліметіне сүйенсек, 188 мемлекеттің 107-сі бір палаталы құрылымға ие, 80-нен аса елде екі палаталы парламент жұмыс істейді. Халық саны көп болмаса, әсіресе шағын және орта мемлекеттер үшін екі палаталы парламенттің аса қажеттілігі жоқ. Бір палаталы жүйе, ең алдымен, орталықтандырылған шешім қабылдаумен қатар мемлекеттік саясаттың жеделдігіне, ашық­тығы мен келісімділігіне ықпал етеді. Олардың ішінде дамыған демократиялық, белсенді инсти­туционалдық даму сатысындағы мемлекеттер де бар.

Мәселен, Швеция 1971 жылы екі палаталы жүйеден бас тартты. Оны заң шығару үдерісін оңтайландыру қажеттілігімен түсіндірді. Бұл процедураларды жеңілдетуге, жеделдікті арт­тыруға және екі палатаны қар­жыландыруға кететін мемлекеттік шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Швеция Парламенті – Риксдаг сол кезден бері Еуропалық Одақ елдері арасында ең тиімді заң шығарушы органдардың біріне айналды. Сондай-ақ қабылданған заңға бір ғана орган жауапты әрі Үкіметке шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Дания 1953 жылы осындай реформа жүргізіп, жоғарғы палатаны жойып, парламенттік ко­митеттердің жұмысын күшейт­ті. Бұл бюджет шығынын қысқар­тып қана қоймай, парламен­таризмді нығайта отырып, заң жоба­лары­ның қабылдану жеделдігін арттыруға мүмкіндік берді.

Финляндияда 1906 жылдан бастап бір палаталы жүйе енгізілген. Жүз жылдық тарихына қарамастан, фин парламенті заңнамалық тұрақтылықтың үлгісі ретінде танылған. Тиімділік парламенттік комитеттердің дамыған жүйесімен және жоғары саяси мәдениетпен қамтамасыз етіледі.

Жаңа Зеландия 1951 жылы жоғарғы палатаны таратты, сонымен қатар қоғам­дық пікір­таластардың, петиция­лардың және азаматтардың заң шығару үдерісіне қатысу рөлін күшейтті. Мұндай тепе-теңдік демократиялық заңдылықты сақтауға және заң шығару жүйе­сінің икемділігіне қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Орталық Еуропа елдері – Словакия, Словения, Эстония, Латвия, сондай-ақ посткеңестік мемлекеттер – Украина, Грузия, Армения да бір палаталы мо­дельді қолданады. Бұл мемлекет­тер Чехословакия, КСРО секілді федеративті құрылымдар ыды­ра­ғаннан кейін бір палаталы парламентті құрды және тәжірибе көрсеткендей, бұл заң шығару процедурасын жеңілдетеді, би­ліктің азаматтарға есеп беруін күшейтеді.

Греция, Португалия, Литва, сондай-ақ Әзербайжан күшті бәсекелес партиялар, ашық про­­цедуралар, дамыған қо­ғамдық бақылау институты жағ­дайында бір палаталы парламент сәтті жұмыс істейтін елдердің айқын дәлелі бола алады.

Көптеген сарапшы бір палаталы модель әсіресе унитарлық мемлекеттік құрылымы, күшті атқарушы билігі, кәсіби депутат­тық корпусы, дамыған саяси партиялары, заң шығару үдерісін жеделдету қажеттілігі бар елдерде тиімді дегенге келіседі. Бұл жағдайда біздің елді унитарлы мемлекет екенін ескергеніміз жөн. Тұрақты парламенттік дәстүрге, орталықтандырылған басқаруға, дамып келе жат­қан партиялық жүйеге ие Қазақстан осы өлшемшарттарға толық сәйкес келеді.

Екі палаталы парламент едәуір бюджеттік шығындарды талап етеді. Әрбір палатаның өзінің әкімшілік аппараты, техникалық және көмекші қызметкерлер штаты, сондай-ақ инфрақұрылымы бар: ғима­раттар, күзет, логис­тика, іссапарлар, көлік, делегация­ларды сүйемелдеу, өзге де пар­ламенттік рәсімдер. Бұл шығын­дар негізінен қайталанады.

Мемлекеттік басқару саласын­дағы отандық сарапшылардың бағалауы бойынша, біздің Парла­менттің құрылымын оңтай­ландыру заң шығарушы органға арналған шығыстар бөлігінде мемлекеттік бюджетті 35-40%-ға үнемдеуге, бұл жыл сайын 8-10 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. Үнемделген қаражат өзге де басым міндеттерді шешуге бағытталады.

Бір палаталы құрылым бір­қатар даусыз артықшылық береді. Атап айтқанда, қайтала­натын әкімшілік және проце­дуралық функцияларды жоя­ды, заңдарды енгізу, қарау, шешім қабылдау рәсімдерін жеңілдетеді, келісу кезеңдерін азайту арқылы заң жобаларының қабылдау мерзімдерін қысқар­тады, саяси және құқықтық жауапкершілікті бірыңғай өкілді органға шоғырландырады, ха­лыққа шешімдер қабылдаудың ашықтығы мен есептілік деңгейін арттырады. Мемлекетіміз үшін де бұл модель тиімді болуы мүмкін, себебі ол саяси партиялардың рөлін күшейтіп, халықпен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Бұл бағыттағы реформа шығындарды оңтайландыру шарасы ғана емес, басқару сапасына инвестиция ретінде қарастырылуы керек. Еліміз орнықты институттардың, пар­тия­лардың дамуымен, қалып­­тасып келе жатқан аза­мат­­тық қоғаммен, құқықтық және ұйымдастырушылық-экономикалық тұрғыдан осы ауысуға дайын.

Бір палаталылыққа көшу міндетті түрде аймақтардың өкілдігін толығымен жоюды білдірмейді. Себебі біріншіден, Парламент құрылымы тікелей халықтың сайлау жүйесі арқы­лы қатысуымен жүзеге асады. Екіншіден, ұсыныстар беру, стратегиялық тыңдауларға қа­тысу, бюджетті бөлу бойынша ұсыныстар қалыптастыру мүмкіндігімен Парламентте өңір­лердің консультативтік кеңесі құрылуы мүмкін.

Осылайша, еліміздегі бір палаталы парламентке көшу мемле­кеттік институттардың азаюын емес, оның эволюциясының сапалы кезеңін көрсетеді. Мәжіліс қазірдің өзінде өкілді және заң шығарушы биліктің негізгі функцияларын орындайды. Тұрақты саяси жүйе, дамыған партиялық құрылым, азаматтық қоғамның белсенді қатысуының өсуі және кәсіби депутаттық корпустың қалыптасуы болашақта елдің парламенттік басқару моделіне көшуіне жол ашуы мүмкін.

Президент ұсынған реформа – өкілді биліктің тиімділігін арттыруға бағытталған уақтылы және ойластырылған қадам. Қазіргі саяси, құқықтық, эконо­микалық шындықтар артық құры­лымдарды қайта қарау, ше­шім қабылдау жүйесін жеңіл­дету қажеттілігін талап етеді.

Бұл реформаны табысты іске асыруда Парламентаризм институты – зияткерлік сүйемелдеудің, құқықтық сараптаманың, инс­титуционалдық теңгерімнің кепілі ретінде шешуші рөл атқарады. Оның дамуы, пар­ламенттік жаңғырту үдеріс­теріне интеграциялануы жаңа жағдайларда өкілді биліктің тұрақ­тылығы мен орнықтылығын қам­тамасыз етеді.

Жолдауда Президент атап өткендей, егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парла­ментті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн.

Жүргізілетін парламенттік реформа партиялық жүйенің маңыздылығын арттырады. Бір палаталы Парламентте партиялар заң шығару үдерісінде маңызды рөл атқарады деп күтіледі. Елдегі партиялық өмір де жандануы мүмкін. Саяси партияларға алдағы бір палаталы парламенттік сайлауға қатысу үшін бәсекелі тартысқа дайындалуына, өздерінің азаматтық қоғамда, саяси аренада рөлін нығайту үшін уақыт та, мүмкіндік те беріліп отыр. Қысқасы, болашақта Парламент әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қорғайтын саяси партиялардың пікірталас алаңына айналмақ.

Мемлекетіміз бұл қадамға дайын. Халықаралық тәжірибеге, ішкі қоғамдық және саяси ахуалдың пісіп-жетілуіне және қоғамдық сұранысқа сүйене отырып, мұны мемлекет пен халық үшін барынша тиімді жүзеге асыра алады.

 

Берік БЕКЖАНОВ,

Парламентаризм институты директорының орынбасары