5 қазан. Ғалым да, шахтер де бас иетін кәсіп иелерінің мерекесі – бұл. Нақ осы кәсіптің киесі де, құрметі де сонда, ел басқарған бүгінгі тұлға да, көш бастаған кешегі көсем де, сан саланың тасын өрге домалатқан сақа маман да – бәрі сол әріп танытып, тәлім-тәрбие берген ұстаздың алдынан өтеді. Ақиқатында «Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі».
Елімізде кейінгі жылдары білім беру саласының қызметкерлеріне айрықша көңіл бөліне бастады. Мұны «Педагог мәртебесі туралы» заңының қабылдануынан бастап, жалақының жүйелі және тұрақты арттыруынан, әлеуметтік көмектерді қарастыру, педагогикалық мамандықтарында оқитын студенттерге өзгелерге қарағанда артығырақ стипендия төлеу, санат бойынша қосымша үстемақылардың енгізілуі, ұдайы тегін оқытып отыру секілді кешенді қолдаудың іске асырылуынан көре аламыз.
Бұл мамандықтың маңызы, салмағы оның жауапкершілігінде болса керек. Себебі ол – тұлға қалыптастырушы, ұрпақ болмысының бағбаны. Сондықтан да қай кезде болсын қоғам мұғалімнен балаға беретін біліммен қатар дұрыс тәрбиелеуді күтеді. Себебі ұрпақ тәрбиесі ата-ана мен педагогтің қолында. Осы жауапкершілік жүгі Мемлекет басшысы идеясымен қолға алынған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасында айқындалып отыр. Басты міндет – жас ұрпақтың санасына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіру, оларды отаншыл рухта тәрбиелеп, жаңашылдық пен жасампаздыққа баулу.