Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (Алматы облысы) аумағында Түркістан сілеусіні (Lynx lynx isabellinus) кездескен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған жабайы жануар – Ақсай филиалының инспекторлары жүргізген рейд барысында кадрларға түсіп қалған. Еске салайық, сирек кездесетін жыртқыш Түркістан сілеусіні – Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
«Әдетте тек фототұзақ арқылы тіркелетін сілеусін бұл жолы небәрі 5-10 метр қашықтықтан кездесті. Бұл ұлттық парк аумағындағы биоалуантүрліліктің сақталуын және табиғатты қорғау шараларының тиімділігін айқын көрсетеді», делінген хабарламада.