Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған «Үздік жедел уәкіл-2025» байқауында Байғанин аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Ырзалы Сағынғалиев бас жүлдені жеңіп алды, деп жазады Egemen.kz.
Ол аудан аумағында осы жылы жасалған алаяқтық, ұрлық, есірткі тарату, браконьерлік бойынша 11 қылмыстың ізін суытпай ашып, бұрынғы жылдары жасалып, дер кезінде ашылмаған 5 қылмысты әшкереледі.
Осылайша Ырзалы Мырзағалиұлы қырағы, кәсіби, дайындығы жоғары, заңды жетік меңгерген, қылмыспен күресте әділеттіліктен айнымайтын нағыз полицей екендігін дәлелдеді. Кәсіби маман қылмыстың салдарымен күрескеннен гөрі, құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын жақсы ұйымдастыру қажет деген пікірде.
«Сол үшін де жасөспірімдер тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігін күшейту, білім беру ұйымдарында заң мен тәртіп қағидаттарын сақтауды оқушыларға үйрету маңызды. Адам жеке басының жауапкершілігін бірінші орынға қойып, жаман әдеттерден аулақ болса, қарапайым ережелерді сақтаса, еңбекпен айналысса, оңай жолмен ақша табудан бас тартса саналы да, тәртіпті азаматтар қатары көбейеді», дейді ол.
Аға жедел уәкілді аудан тұрғындары тегіс таниды. Мінезі қарапайым, жұртпен ашық-жарқын қарым-қатынас жасайтын азаматты әріптестері де құрметтейді. Ол жұмыс арасында бос уақыт тауып, мектептерде ұйымдастырылатын кездесулерден қалмауға тырысады. Кездесулерде заңды бұзудың ауыр зардаптары туралы өмірден алынған нақты мысалдарды келтіріп, жастарды толғандырған сұрақтарға жауап береді.
«Ырзалы Мырзағалиұлы – заң мен тәртіп қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, қылмыстың алдын алу шараларын да үздіксіз жүргізіп келе жатқан азамат. Алыс аудандарда осындай жігіттердің жұмыс істегені қоғамның саулығы үшін өте маңызды», дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Апсәттеров.
Ақтөбе облысы