• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қылмыс Кеше

Алматы облысында кәсіпкердің кеңсесін тонаған қылмыстық топ ұсталды

20 рет
көрсетілді

Алматы облысы Талғар ауданында жеке кәсіпорын кеңсесіне жасалған ірі ұрлық әшкереленді, деп жазады Egemen.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кәсіпкерден белгісіз тұлғалардың кеңсенің есігін бұзып, ірі мөлшердегі ақшаны ұрлап кеткені жөнінде арыз түскен. 

Алдын ала деректер бойынша, 23 қыркүйек күні кешкі уақытта қаскүнемдер Жалғанмыс ауылында орналасқан ғимаратқа заңсыз кіріп, 55 миллион теңге көлеміндегі ақшаны ұрлап кеткен. 

– Бейнебақылау жазбаларын қарау кезінде қылмыстың алдын ала жоспарланғаны анықталды. Бетіне маска тағып, қолғап киген белгісіз ер адам ғимаратқа кіріп, екінші қабаттағы есікті бұзып, үстел астында тұрған қара түсті жол сөмкесін алып, ішіндегі ақшаның бір бөлігін өзімен бірге әкелген рюкзакқа салған. Кейін сөмке мен рюкзакты қоршаудан асырып лақтырып, өзі де сыртқа шығып кеткен, - деп хабарлады департаменттен. 

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 39, 37 және 36 жастағы Алматы облысының тұрғындары ұсталған. Тінту барысында күдіктілердің үйлерінен ақша мен тергеуге маңызды заттай айғақтар тәркіленген.

– Аталған дерек бойынша «ұрлық» фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Құрықталған күдіктілер қамауға алынды, - деп мәлімдеді полиция.