Алматыдағы «Халық аренада» мәнерлеп сырғанаудан Олимпия ойындарының қола, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындары мен Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды.
Алғашқы жүлделерді жасөспірімдер сарапқа салды. Қыздар бәсекесінде Оңтүстік Кореяның өкілі Ким Гонхидің бағы жанды. Оның командалық әріптесі Ким Мин Сон күміс алса, Әзербайжаннан келген Арина Калугина қола медаль иеленді. Жерлесіміз Анна Санникова алтыншы сатыда қалып қойды. Ұлдар сайысында барлық жүлдені отандастарымыз олжалады. Артур Смағұлов бірінші, Никита Козлов екінші, Кенан Бердібаев үшінші орындарды еншіледі.
Әйелдер жарысындағы басты үмітіміз София Самоделкинаның жарақатына байланысты осы мемориалға қатыспайтыны белгілі болғанда-ақ жүлдеге қол жеткізе алмайтынымызды алдын ала болжаған едік. Айтқандай-ақ, қыздардың қысқа бағдарламадағы көрсеткіштері тым нашар болды. Келесі күні де мандытып сырғанай алмады. Отандастарымыз мынадай орындарды еншіледі: Әмира Ирматова – 6, Нұрия Сүлеймен – 7, София Фарафонова – 9, Вероника Коваленко – 10, Русалина Шакрова – 11-орын. Бұрымдылар бәсекесінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ли Хэ Ин алтыннан алқа тақса, Юн Асон күміспен күптелді. Бұлардың екеуі де Оңтүстік Кореядан. Канадалық Мадлен Скизас қола медальды мойнына ілді.
Мұздағы биде жерлестеріміз Бойсангур Датиев пен Гауһар Наурызова 9-орынды қанағат тұтты. Бас жүлдені грузиялық Диана Дэвис пен Глеб Смолкин жеңіп алды. Екінші, үшінші сатыларға АҚШ, Швецияның жұптары жайғасты.
Ерлер сайысында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров тағы да топ жарды. Жаттығудың екі түрінде де қарсылас шыдатпаған 21 жастағы жерлесіміз қатарынан екінші мәрте Денис Тен мемориалында жеңіс тойын тойлады. Грузияның мықтысы Ника Егадзе күміс жүлдеге ие болса, АҚШ спортшысы Джейсон Браун үздік үштікті түйіндеді.