Алматыда шахматтан жасөспірімдер (U-8, U-12) арасында өткен әлем біріншілігінде еліміздің құрамасы толағай табысқа қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Алатау баурайында 88 мемлекеттен келген 842 қатысушы бақ сынады. 11 турдан тұрған жарыс швейцариялық жүйемен өтті. Жер-жаһанның аса дарынды жас өрендері бас қосқан байрақты бәсекеде алдымен Алиша Бисалиеваның (G8) бағы жанды. Шешуші тұста Чжу Цзяхэ (Қытай) мен Болд-Эрдене Целмегті (Моңғолия) басып озған ол бас жүлдені олжалады.
Өз қатарластарының барлығын қапы қалдырған Әдинұр Әділбек (O8) те алтыннан алқа тақты. Күміс пен қола медальды Фёдор Сидельников (Ресей, FIDE) пен Ван Юйсюань (Қытай) еншіледі. 12 жасқа дейінгі ойыншылар сайысында Данис Қуандықұлы (O12) мен Әли Пойраз Өздемир (2196, Түркия) бірдей ұпай жинағанымен, қосымша көрсеткіштер жөнінен қандасымыз қарсыласының алдын орады.
Сөйтіп, үш алтын иеленген еліміз шахматшылары жарыс кестесінде жеке-дара көш бастады. Екінші, үшінші орындарға Қытай, АҚШ құрамалары ие болды. Былтыр да жерлестеріміз қос алтын олжалап, жалпы есепте алдарына жан салмаған еді. Биыл сол нәтижені қайталады.