Астанада өткен Дженнифер Лопестің концертіне 12 мың шетелдік қонақ келген. Бұл туралы қаланың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биыл алты айда Астанаға 735 мың турист келген. Оның 177 мыңы шетелден.
«Былтырмен салыстырғанда туристер саны 13%-ға өсті. Қалада түрлі концерттер мен шаралар өтіп жатыр. Мысалы, Дженнифер Лопестің концертіне 12 мың, ал Backstreet Boys концертіне 15 мың шетелдік келді», деді Х. Әкімжанов.
Оның айтуынша, Дженнифер Лопестің концерті қала экономикасына үлкен пайда әкелді. Ұйымдастырушылардан 600-800 млн теңге салық түскен.
«Қонақүй мен мейрамханалардан түскен табыс жыл соңында есептеледі. Алдын ала есеп бойынша, концерттен 4 млрд теңгеден астам пайда түсті. Backstreet Boys концерті бойынша есептеу жүріп жатыр», деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол жыл сайын қалаға келетін турист саны 13-15%-ға өсіп жатқанын айтты.
Айта кетейік, Дженнифер Лопес Алматыда да концерт берді. Орталық стадионда өткен концертке 27 мың адам жиналды. Оның ішінде 35 елден келген 7 мың шетелдік болған. Алматы әкімдігінің мәліметінше, концерттен түскен табыс 10 млрд теңгеден асып, 600 млн теңге салық төленген.