• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 07:50

Даланы дүбірге бөлеген той

20 рет
көрсетілді

Жамбыл аудандық мәдениет үйінде халқымыздың рухани қазынасын 500-ден астам музыкалық туындымен байытқан ұлы композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойына орай «Ұлы даланың Нұрғисасы» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Шешенсөз иелері өзара сынға түсті. Бәсекелі айтыста «Хабар» агенттігінің жүргізушісі Мейірбек Сұлтанхан қарсыластарына дес бермеді. Ол алдымен қырғыздың айтыскер ақынынан басым түссе, ақтық сайыста Аспанбек Шұғатаевты шаң қаптырып, бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды тақымдады.

Той қонақтары Жамбыл ауылындағы Жамбыл Жабаев­тың әдеби-мемориалдық музейіне атбасын бұрып, жыр алыбы Жәкең мен күй атасы Нұрғиса рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Суықтөбе жазығындағы Көкбастау ауылында өткен дүбірлі тойда 40-тан астам ақбоз үй тігіліп, даланың сәнін, мерекенің мәнін арттырды. Ұлттық қолөнер бұйымда­ры­нан көрме ұйымдастырылып, спорттық жарыстар өтті. Ал­маты облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жиылған жұртты мерейтоймен құттықтады.

«Нұрғиса Тілендиев – халқымыздың рухани қазы­насын байытқан дара тұлға. Оның ­«Отырар сазы» оркестрі – қазақ музыкасының алтын діңгегі. Ал әндері мен күйлері – ұлттың рухани айнасы. Бұл мерейтой тек өнер мерекесі ғана емес, ұлттық рухты жаңғыртқан ерекше сәт», деді өңір басшысы.

Ақын және драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, қоғам қайраткері Серік Үмбетов те ұлы күйшінің өмірі мен өнері туралы естеліктерімен бөлісті.

Мерейтойға жиылған қауым Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі мен Алматы об­лы­сының өнерпаздары қойған музыкалық бағдарламаны тамашалады. Қызы Дінзухра Тілендиева дирижерлігімен ұлы композитордың «Өз елім», «Аққу», «Махамбет», «Ата тол­ғауы», «Алтын дән», «Жас қазақ» сынды туындылары тың­дарман жүрегін тербеп, аспан көгінде қалықтады.

Мерекелік іс-шара рухымызды аспандатқан ат жарысымен аяқталды. Оны тамашалауға 15 мыңға жуық адам жиналды. Көкбастау төріндегі аламанда әйгілі жүйрік Жұмыртұяқ топ жарды.

Топ бәйгеде Абай облы­сының «Қалқаманы», құнан бәйгеде Жамбыл облысының «Бойтұмар» атты сәйгүлігі алдына қара салмады. Ат иелері бәйгеге тігілген темір тұл­пар­лардың кілтін иеленді.

 

Алматы облысы