Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен аптада Зерендіде дәстүрлі «Zerendi Photo Fest III» фестивалі өтті. Биылғы шығармашылық байқау жоғары оқу орнының 30 жылдық мерейтойына арналды.
Фестивальдың негізгі мақсаты – кәсіби фототілшілер мен студенттер арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, тәжірибе алмасу және жас журналистерге фотожанрдың қыр-сырын үйрету.
Іс-шараға «National Geographic» журналының фототілшісі Ерболат Шадрахов, «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров, Парламент Мәжілісінің фототілшілері Талғат Тәнібаев пен Жандәулет Өмірханұлы, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұйымының өкілі Қалжан Тұрсынбаев қатысты.
Байқаудың ашылу салтанатында университет проректоры Ләззат Төлегенқызы мен Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фотобайқау үш кезеңнен – портрет, пейзаж және фоторепортаж жанрлары бойынша өтіп, студенттер өз шеберліктерін сынады. Сонымен қатар қатысушыларға тәжірибелік сабақтар өткізілді.
«Egemen Qazaqstan» газеті жауапты хатшысының орынбасары Алмас Манап газет да-йындау үдерісі мен басылымның визуалды құрылымы жөнінде кеңінен әңгімелеп, студенттерге баспасөз жұмысының ерекшеліктерін түсіндірді. Ал Ерболат Шадрахов авторлық фотожұмыстарын көрсетіп, кәсіби кеңестерімен бөлісті.
Байқау қорытындысы бойынша «Үздік портрет» аталымын – Талғат Тәнібаев пен Жандәулет Өмірханұлы, «Үздік фоторепортаж» – Ерлан Омар, «Үздік фототілші» және бас жүлдені Ерболат Шадрахов жетекшілік еткен команда жеңіп алды.
Еркежан САНСЫЗБАЙ,
ЕҰУ-дың 2-курс студенті