• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң Бүгін, 13:44

Көмірсутектер игерілмеген жерлерде барлау мен өндіру күшейтіледі

10 рет
көрсетілді

Қазақстанның қазіргі мұнай-газ өндіру көлемі негізінен үш ірі кен орнына – Теңіз, Қашаған және Қарашығанаққа тәуелді. Ал өзге кен орындарының қоры сарқылу кезеңіне жақындап қалды. Сондықтан жаңа мұнай мен газ қорларын анықтау маңызды. Осыған орай бүгін депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске көмірсутек және уран секторында жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша енгізілетін заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады Egemen.kz. 

2010-2012 жылдары жүргізілген зерттеулер нәтижесінде еліміздің жер қойнауындағы болжамды алынатын шартты отын ресурстары 76 млрд тоннаға жеткен. Оның 70 млрд тоннадан астамы Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғыстау және Оңтүстік Торғай бассейндерінде шоғырланған. Ал қалған бөлігі аз зерттелген, бірақ әлеуеті жоғары провинцияларды орналасқан. Оларды жүйелі барлау және игеру арқылы біз жаңа өндірістік орталықтардың қалыптасуына жол ашады.

Мәжілістің экология және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбырпшин бүгінде геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемі жеткіліксіз екенін атап өтті.

«Инвестордың сенімін қамтамасыз ету үшін, енді өз қаражаты есебінен аз зерттелген аумақта геологиялық зерттеу жүргізген инвестор барлау және өндіру кезеңіне басым және кепілді құқықпен өте алады. Бұл үшін бірінші 3 жыл ішінде келісімшарт аумағының кемінде 30 пайызын қамтитын 2D сейсмикалық зерттеу жүргізу талабы енгізіледі. Яғни, кім шын мәнінде зерттеуге қаржы салса, сол әрі қарай игеру құқығын алады. Бұл әдіс инвестордың мүддесін қорғайды және елге жаңа геологиялық деректер береді», деді Е.Жаңбыршин. 

Резервтегі учаскелердің тиімді айналымын қамтамасыз ету де қарастырылған. Қазір көмірсутек саласындағы ұлттық компанияларға 53 жер қойнауы учаскесі резервке бекітілген. Бірақ олардың тек 20 пайызы ғана игеріле бастады. Қалғандары ұзақ жылдар бойы айналымнан тыс тұр. Осыған байланысты заң жобасы аясында резервтеу мерзімін шектеу, ал босайтын учаскелерді электрондық аукцион арқылы нарыққа шығару ұсынылды. Сондықтан уран саласындағы ұлттық компанияға жаңа кен орындарын іздеу және игеру бойынша басым құқық беріледі.

Заң жобасында 1 млрд АҚШ доллары көлемінде жаңа инвестиция тартып, аз зерттелген аумақтардың жер қойнауын барлауға және игеруге жол ашу және жаңа геологиялық ақпарат алу жоспарланып отыр. Көмірсутек саласында инвесторлар мен ұлттық компаниялар үшін тең жағдай орнату, геологиялық барлау мен өндіру арасындағы алшақтықты қысқартып, ресурстарды өнеркәсіптік айналымға тез енгізу, уран саласындағы ұлттық компанияға уранды барлау бойынша басымдық құқығын беру де қарастырылған.

Айта кету керек, бұл – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін, инвестициялық тартымдылығын және геологиялық ғылымның жаңа деңгейін қамтамасыз ететін стратегиялық құжат. Ол Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауындағы еліміздің минералдық-шикізат базасын кеңейту және геологиялық зерттеу жүйесін түбегейлі жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленген.