Алматыдағы Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында цифрлық келісімдер жүйесін енгізу жобасы басталды. Биыл тамыз айында аурухана мен «TrustMe IT» компаниясы жаңа цифрлық шешім енгізу жөнінде меморандумға қол қойып, қанатқақты жоба ресми түрде іске қосылды.
Бұған дейін медициналық көмекке келісім беру немесе бас тарту рәсімдері тек қағаз түрінде жүргізіліп келген. Құжаттарды мұрағатқа жинақтап, күн сайын жүздеген бетті сканерлеу және базаға қолмен енгізу қызметкерлердің уақытын алып, қағаз шығынын арттыратын. Жаңа жүйе бұл мәселелерді шешуге бағытталған. Енді келісімдер SMS арқылы рәсімделеді. Барлық келісімдер мен бас тартулар автоматты түрде жүйеде жасалып, электронды форматта сақталады. Қазірде тек бас тартулар ғана қолмен енгізілсе, болашақта келісімдер де толық автоматтандырылып, бірыңғай деректер қоры қалыптасады. «TrustMe IT» компаниясының негізін қалаушы Шыңғыс Дәулетбаев жаңа жобаның медицинадағы цифрлық үдерістерді ілгерілетуде ерекше маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи жүйе қағазбастылықты азайтып қана қоймай, ақпараттың сапалы әрі жедел өңделуін қамтамасыз етеді.
Қанатқақты жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, жүйе аурухана қызметімен толық интеграцияланып, келісімдерді бірден ішкі жүйе арқылы рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Бұл медициналық карталарды толтыруды жеделдетіп, деректердегі қателік тәуекелін азайтады. Жүйені кадр бөлімі, бухгалтерия, әкімшілік секілді өзге құрылымдарда да қолдану мүмкіндігі қарастырылған.
Жоба медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, пациенттердің өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді. Алдағы уақытта мұндай тәжірибе еліміздің өзге өңірлерінде де енгізіліп, денсаулық сақтау саласын цифрландыру қарқынын жеделдетеді.
Асхат ҚОЙШЫҒАРА