Соңғы кездері Мемлекет басшысының қамқорлығы мен қолдауы кітапхана саласына өркенді өзгеріс әкелді. Кітапханашылардың жалақысы едәуір артты. 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Түнгі кітапханалар жұмыс істей бастады. Өзге де атқарылып жатқан игі шаралар көңілге қуаныш ұялатады.
Оңтүстік өңірінің шалғайдағы Созақ өңірінде кезінде аудан басшыларының табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында кітапханалар жекешелендіру науқанынан аман қалған. Соның игілігін бүгінде жұртшылық көріп отыр. Кітапханаға барғанымызда онда топ-топ болып жүрген оқушы жастарды көргенде сүйсініп-ақ қаламыз. Әңгімелесе келе білгеніміз – ұстаздары әдеби кітаптар оқып, әртүрлі тақырыптарда эсселер жазуға машықтандыратын көрінеді. Кітапханадағы кітап қоры өте бай. Сөрелерде әлем, шетел әдебиетінен бастап, қазақ қаламгерлерінің де туындылары самсап тұр.
Кітапханадан кезінде кездесуге келген ақын-жазушылардың қолтаңбалары мен пікірлерін оқи аласыз. Әбіш Кекілбай, Шерхан Мұртаза, Сатыбалды Нарымбетов, Сауытбек Абдрахманов, т.б. қаламгерлер кітапхана туралы пікірлері шалғай аудан жұртшылығының мәдени деңгейінің қаншалықты екенін аңғартатындай.
Терең ойлап қараған адамға, кітап – айнымас дос, жалықтырмайтын серік, ақы сұрамайтын кеңесші. Жігеріңді қайрап, тіліңді байытады, жан дүниеңді тебірентіп, шешендікке баулиды, өреңді кеңітіп, санаңды дамытады. Кітап арқылы адам басқаларды құрметтеуді үйренеді.
Хакім Абай: «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып, көруге» десе, Ахмет Байтұрсынұлы: «Оқусыз халық қанша бай болса да біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшеді», деп көштен қалмауға шақырған.
«Бар кітап бір кітапты түсіну үшін оқылады» дегендей, кітаптардың бәрі де ардақты. Ол ең алдымен тілді машықтандырады, білім дамып, түсінік кеңейеді. Айта берсек, кітаптың пайдасы шексіз.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ
Түркістан облысы