Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі қабылданғалы саланың жұмысына қатысты сұрақтар қоғамда ашық талқыланып келеді. Соның нәтижесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығын нығайтатын, қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ететін шешімдер қабылданды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында денсаулық саласы, оның ішінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы туралы: «Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар. Бюджет қаржысы шектеулі кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде бюджетті реттеуші рөлін атқарып отыр. Қор дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейткенінің арқасында шығынды көбейтпей ұстап тұр. Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына, көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс», деді.
Президент Жолдауда денсаулық сақтау, МӘМС-ке қатысты мәселелерге ерекше тоқталды. Нәтижесінде, Денсаулық сақтау министрлігі кейінгі бес жылда салаға бірқатар ауқымды өзгеріс енгізгені мәлім. Президент тапсырмасымен цифрландыруға, Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені енгізуге басымдық берілді. Осы жұмыстар дұрыс үйлессе, қаражатты тиімді басқарып, медициналық көмек сапасын жақсартуға мүмкіндік молаяды. Одан бөлек, Астана қаласында науқастарға медициналық қызметтерді көрсету фактісін растайтын Face-ID қанатқақты жобасы басталып, тәуір нәтиже көрсетті. Енді тәжірибе елдегі өзге емханаларға да енгізіліп, медициналық көмектің тиімділігі артады, қаржы үнемделеді.
Саладағы тәуекелдерді азайту мақсатында қаржыландыру жүйесі түгелдей қайта қаралды. Қазір бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін құруға қатысты жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Пакетке кірмейтін қызметтер медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылады. Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманованың айтуынша, жаңа тәсілдің басты жаңалығы – бірыңғай пакетті енгізу. Бұл қадам медицинада көмектің қайталануын жояды. Жалпы жүйенің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 2026 жылдан бастап ТМККК мен МӘМС пакеттерін кезең-кезеңімен біріктіреді. Оның алғашқы сатысы биылдан басталады. Соның арқасында кейбір кең таралған ауруларға қатысты емшаралар жалпыға қолжетімді болады. Базалық медициналық көмектер сақтандырылған мәртебесінің бар-жоғына қарамастан барлық азаматқа кепілді түрде көрсетіледі. Осының ізімен 2027 жылға қарай денсаулық сақтау жүйесінде ашық әрі сақтандыруға негізделген қаржыландыру моделі қалыптасады. Қажетті медициналық көмекті әр пациент дер кезінде ала алады. Қаржы тиімді бөлінеді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық қызметтің сапасына мониторинг жүргізудің жаңа тәсілдері енгізілетінін мәлімдеп отыр. Қор осы бағытта жұмыстарды үйлестіруге жыл басынан кіріскен. Мысалы, биыл медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі базасында «Мониторинг» модулі іске қосылған. Бұрын стационарлық, амбулаторлық көмек жеке-жеке бағаланса, жаңа жүйе пациенттің емханаға қаралғаннан бастап, стационарға жатқанға дейінгі медициналық көмек жолын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді. Өзгерістер туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының кеңесшісі Зәбира Оразалиевадан сұрап білдік.
– Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесінің бірінші кезеңінде 20-дан астам автоматты тексеру алгоритмі іске асырылды. Медициналық қызмет көрсетілгеннен кейін деректер жүйеге түсіп, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер мен қызмет көрсету стандарттарына сәйкестігі тексеріледі. Сәйкессіздіктер анықталса, жүйе ақауларды тіркеп, мәселелерді жедел анықтауға, жеткізушілер мен аймақтарға талдамалық есептер жасауға мүмкіндік береді. Модуль 2025 жылдың наурызында Ақмола облысындағы медициналық ұйымдарда қанатқақты режімде іске қосылды. Нәтижесінде, оң динамика байқалды. Ақаулар азайып, стандарттардың бұзылуы төмендеді. Бұл жүйенің медициналық қызмет көрсетушілер тарапынан талаптардың орындалуына ықпал етіп отырғанын көрсетеді, – деді З.Оразалиева.
Жаңа жүйенің тағы бір артықшылығы, медициналық ұйым есеп-қисаппен келіспеген жағдайда туындаған ақауды автоматты түрде енгізе алады. Яғни медициналық ұйым жүйе арқылы қарсылық білдіріп, дәлелдемелер мен растайтын құжаттарды қамтыса болады. Ол ақпараттар аймақтарға түспейді, көрсетілген қызмет профиліне сәйкес бірден қор сарапшыларына беріледі. Бұл қадам мониторингтің объективтілігін арттырады. Осыған қоса, жүйеде қажет болса шағымды екінші мәрте қарау механизмі қарастырылған. Тек оны басқа сарапшы қарайды. Себебі шешіммен медициналық ұйым келіспеген жағдайда әрі қарай түрлі маман жіті тексереді. Мұнда айта кетерлігі, бірінің пікірін екінші сарапшы көрмейді. Қор мониторинг нәтижелерін жүйелі түрде талдап, нормативтік немесе ұйымдастырушылық қайта қарауды талап ететін сұрақтарды уәкілетті органға жібереді. Мұндай ведомствоаралық диалог анықталған қайшылықтарды жоюға, медициналық қызмет көрсету мен есепке алудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге қажет.
Президент тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін мониторинг жүйесіне жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Бұл қадам жүйедегі қателіктерді анықтаудың дәлдігін арттырып, талдау жұмыстарын жеделдетеді. Тәуекелдерді болжауды жақсартып, ресурстарды тиімді бөлуді қамтамасыз етеді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында МӘМС жүйесі тиімділігін көрсетіп отырғанын атап өтті.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаражат көлемін арттырудың, инвестиция тартудың басты драйверіне айналды. Кейінгі жеті жылда бір тұрғынға шаққандағы медициналық шығыстар 2,6 есеге артты. Медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы да 2,5 есеге өсті. Дәрігерлердің еңбекақысы 2,8 есе, нақтыласақ 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін ұлғайды. Алғашқы, консультативтік-диагностикалық деңгейлерде көрсетілетін медициналық қызмет көлемі 2,7 есеге артты. Елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жылға жетті. Биыл жылдың соңына дейін 75,8 жылға жетуге тиіс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, бұл көрсеткіш ТМД елдері арасында ең жоғары саналады. Бүгінде МӘМС тиімділігін дәлелдеп отыр. Қаржыландыру көлемі артып, медициналық қызметтерге қолжетімділік кеңеюде, бәсекелестік күшейіп, халық денсаулығының көрсеткіштері жақсарып келеді, – деді министр.
Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі мен «Мониторинг» модулін тұрақты түрде жаңартып отыру жолымен қор пациентке көрсетілетін көмектің сапасын объективті әрі ашық бағалауды көздеп отыр. Сондай-ақ көрсетілген қызметтердің көлемін жіті бақылау арқылы қаражаттың тиімділігін арттыру қажет. Осы жұмыстардың нәтижесінде бұрынғыдай жалған дерек көрсету фактілері азайып, медициналық ұйымдар мен қор арасында берік байланыс орнайды. Сонда ғана тұрғындар сапалы медициналық көмектің тиімділігін көреді.