Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен кездесті.
Тараптар қарашаның бірінші онкүндігінде Орал қаласында Қазақстан мен Ресейдің XXI Өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында өткізілетін Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 26-отырысына дайындықты талқылады. Алдағы форумның тақырыбы – «Жұмысшы мамандығы – экономикалық өсудің драйвері».
Отырыстың және форумның шеңберінде өзара іс-қимылдағы басым бағыттар – сауда-экономикалық ынтымақтастық, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ басқа да салаларды қамтитын екіжақты келісімдер пакетіне қол қойылады деп жоспарланып отыр. Кездесуге қатысушылар өзара тауар айналымын арттыру мәселесіне ерекше назар аударды. Ресей еліміздің ірі сауда және инвестициялық әріптесінің бірі болып қала береді.
2024 жылғы қорытынды бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 27,8 млрд доллардан асып, өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға өсті. Биылғы жылғы жеті айдағы көрсеткіш – 14,4 млрд доллар. Бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңнен 7,2%-ға төмен. Осыған байланысты тараптар өзара сауданы тұрақтандыру және одан әрі арттыру шараларын талқылады.
Екі ел шекарасындағы көлік логистикасы, оның ішінде кептеліс мәселесі де қаралды. Екі тарап та туындаған қиындықты бірлесіп әрі жедел реттеуге дайын екендерін жеткізді. Сонымен қатар шекарадағы мәселелер Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров пен Ресей Көлік министрінің бірінші орынбасары Валентин Ивановтың қатысуымен өткен көшпелі кеңесте де сөз болды. Тараптар автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту жөніндегі бірлескен жоспарларды күшейтуді, сондай-ақ жобаларды іске асыру мерзімін 2030–2032 жылдардан 2026–2027 жылдарға ауыстырып, жеделдету мәселесін талқылады. Бұдан бөлек, автожол жобалары мен Ресейге шығатын халықаралық көлік дәліздерін дамытуға, соның ішінде еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру және сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейту тұрғысынан стратегиялық маңызы бар «Солтүстік – Оңтүстік» бағытына ерекше назар аударылды.
Кеңес барысында халықаралық автомобиль тасымалдары, жүк айналымы және жүргізушісіз көлік құралдары мәселелері де қаралды. Жекелеген өткізу бекеттеріндегі қазіргі жағдай талқыланып, Ресей тарапынан бұл мәселе құзыретті органдардың ерекше бақылауында екенін хабарлады. Тиісті ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл жұмыс тәртібінде әрі сындарлы түрде жалғасып жатқаны айтылды.