Батыс Қазақстан облысында қытай кәсіпкерлерінің қатысуымен 14 инвестициялық жоба қолға алынды деп хабарлайды Egemen.kz.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, өңір басшысы осы күндері Қытай Халық республикасында қызмет бабымен жүр. Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қытай кәсіпкерлерінің қатысуымен 14 инвестициялық жоба қолға алынған. Көрші елдің инвесторлары энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сияқты бірқатар маңызды салаларға жалпы құны 134 миллиард теңгеден астам қаржы салуға ниетті. Бұл бағытта екі жақты нақты келісім бар. Енді санаулы күндерден кейін екі зауыттың құрылысы басталады. Оған қажетті құрал-жабдық тиелген контейнерлердің алғашқы легі Қытайдың Вэйфан қаласынан Ақжайыққа жөнелтілді.
Зауытқа қажетті қондырғылардың алғашқы партиясын тиеу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация арнайы қатысты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездескенде «Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Ортақ ірі жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр»,- деп айтқан болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз шикізатқа тәуелді болмай, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, өндірісті дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына елеулі серпін береді», деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Жоспар бойынша, арнайы индустриалды аймақта алдымен қуаты 34 мегаватт болатын газ электр станциясы салынады. Бұл жоба кейінгі өндіріс орындарын тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар мұнай катализаторларын қайта өңдеу зауытының құрылысы басталмақ.
Облыста жоспарланған 14 жобаның бәрін бір консорциум атқарады. Құрамындағы бірнеше компания тек энергетика саласын ғана емес, агротехника, мұнай, құрылыс, денсаулық сақтау салаларын да инвестициялайды. Батысқазақстандық жұмысшы топ Шандун провинциясындағы кешенді аралап, тың технологиямен танысты.
Қытайлық «VEGA Power» компаниясының бас директоры Гэ Цзянь Ақжайықтағы жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын, алғашқы кезеңде 30 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынатынын атап өтті. Жоба толық жүзеге асқанда 10-нан астам өнім түрі шығарылады.
Облыс әкімінің айтуынша, инвесторлар өңірде тіркеліп, салық түсімі жергілікті бюджетке бағытталуы тиіс; жергілікті кадрлар жұмысқа орналастырылады; болашақ мамандарды оқыту инвесторлардың қаражаты есебінен жүргізіледі.
Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысы медицина саласы бойынша да Қытаймен байланысты нығайтады. Оралдық делегация iKang Guobin Checkup Center емханасына барып, Қытайдың денсаулық сақтау жүйесіндегі заманауи әдістермен және медициналық қызмет көрсетудің инновациялық үлгілерімен танысты.
Айта кету керек, биыл алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша республикада 3-орында тұр.
Айта кетейік, бұл кездесулер еліміздің Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған.