Көпшілік чектерді қағаз сияқты макулатураға өткізуге болады деп ойлайды. Бірақ экологтардың айтуынша, кассалық чектер – ерекше өңдеуді қажет ететін қалдықтар, сондықтан оларды қайта өңдеуге жіберуге болмайды.
Эколог Айжан Скақованың түсіндіруінше, чектер арнайы термопленкамен қапталған қағаздан жасалады. Ол қызған кезде мәтінді шығаратын химиялық қоспалардан тұрады.
«Бұл заттар уақыт өте келе топыраққа, суға және экожүйеге түсуі мүмкін. Сондықтан мұндай қағазды макулатурамен араластыруға болмайды. Олар жеке жойылуы тиіс, әйтпесе табиғатқа зиян келеді», дейді маман.
Қазір елімізде қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енді ғана дамып келеді, сондықтан чектерді қабылдайтын арнайы пункттер жоқ.
«Әзірге чектерді кәдімгі тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған контейнерге тастаған жөн. Бізде әлі қалдықтарды сұрыптау деңгейі төмен. Көпшілік батарейканы да бөлек өткізбейді», деді Айжан Скақова.
Оның айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін күнделікті әдеттерден бастау керек. Қалдықтарды сұрыптау мәдениетін дамыту мен халықты ақпараттандыру – экологияны қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі.