• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Республика күні Бүгін, 09:40

Мемлекеттіліктің құқықтық іргетасы

20 рет
көрсетілді

1990 жылғы 25 қазан – Қазақстан тарихында күнтізбедегі дата ғана емес, тұтас бір тарихи дәуірдің басталған күні. Қабылданған Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы дек­ла­рациясы мемлекетіміздің тәуелсіздікке бағытталған құқық­тық әрі саяси алғашқы қадамы болды. Бұл құжат жай ғана ерік-жігердің немесе саяси ұранның көрінісі емес, ұлттың өз тағдырын өзі анықтауға ұмтылған парасатты таңдауы еді.

Тарих куә, әлемде бірқатар ел егемендікке төңкеріс пен түрлі әлеуметтік күйзеліс арқылы жетті. Ал сол бір өтпелі кезеңде Қазақстан сая­си тұрғыдан байыптылық пен парасаттылық танытты. Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу үдерісі кезең-кезеңімен жүзеге асты. Алдымен Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабыл­данып, артынша жалпыхалықтық Прези­дент сайлауы өтті. Одан кейін тәуелсіздік туралы Конституциялық заң, содан соң жаңа Конс­титуция әзірленіп, қабылданды. Мұндай жүйелі әрі стратегиялық ойлас­ты­рылған қадам ел ішін­дегі тұрақ­тылықты сақтауға және шынайы билік революцияда емес, заңда екенін дәлелдей түсті.

Декларация – жаңа мемле­кеттің тұғырын бекіткен құжат. Тіпті оның концептуалдық құры­лымы бүгінгі конституциялық нормалардың негізін құрайды.

Мемлекеттік биліктің үстем­дігі: Қазақ КСР-і өз аумағында толық, дербес және үстем билікке ие мемлекет ретінде жарияланды. Бұл – одақтық орта­­лықтың шексіз үстемдігін тоқтатқан тарихи қадам. Халық – жердің иесі: Дек­ларацияда алғаш рет жер, жер қойнауы, су және табиғи ресурс­тар Қазақстан халқының ай­рықша меншігі ретінде танылып, бұл қағидат елдің эконо­ми­калық егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігінің негізі ретінде бекітілді. Мемлекеттік рәміздерге құқық иелігі: Елтаңбаға, Туға, Әнұранға ие болу құқығы біздің мәдени және саяси болмысымызды мо­­­йындауды және тәуелсіз елдің көрнекі бейнесін қалып­­тас­ты­руды білдіреді. Халықаралық аренаға шығу: Республика өз бетінше сырт­­қы экономикалық саясатын анық­тау құқығын иеленді. Бұл Қазақ­станның әлемдік қауым­дас­тық­та толыққанды мүше болу жолын ашты.

Декларацияның қабылдануы бүкіл қоғамда терең резонанс тудырды. Бұқара бұл құжатты жаңа өмірге бетбұрыс деп қабылдады. Сол кездегі баспасөз құралдары да халықтың көңіл-күйін жарыса жазды. Редакцияға түскен хат­тардың басым көпшілігі ұлт­тық сана-сезімнің оянғанын, аза­маттық жауапкершіліктің қалып­тасып келе жат­қанын аңғартты. Бұл халықтың өз мемлекетін құру үдерісіне алғаш рет саналы әрі заңды түрде қатысуы еді.

Бүгінгі Қазақстан үшін де декларация – тарихи архивтегі құжат емес, қазіргі мемлекеттік құры­­лымның құқықтық-идея­лық іргетасы. Оның негізгі қағи­даттары қазіргі саяси рефор­ма­­ларда өз жалғасын тапқан. Мы­салы, заң үстем­дігі, экономи­ка­лық тәуелсіздік және этнос­ара­лық келісім сынды іргелі идеялары қазіргі мемлекеттілік негізін құрайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Мемлекеттік егемендік туралы декларация тәуел­сіздік жолындағы шешуші кезең болды. Бүгінде оның идеялары әділеттілікті, заң үстем­­дігін және ұлттық қауіпсіздікті нығайту саяс­атымызда жалғасын табуда».

Осылайша, 25 қазан – дүние­жүзінің саяси картасында егемен Қазақстанның жұлдызы алғаш рет жанған тарихи сәт. Мемлекеттік егемендік туралы дек­ларация сол тарихи эволю­ция­ның алғашқы және ең жауапты қадамы. Ол – тәуелсіз мемлекет құру жолындағы кемелділік пен көрегенділіктің нақты көрінісі.

Аталған құжат тек құқықтық акт емес, жаңа ұрпақ үшін де терең мағыналы символға айналды. Бұл – ұлттың тарихи сабақ­тастығы мен азаматтық жауапкершілігін еске салып тұратын рухани бағдар. Себебі декларация әр азаматқа өз мем­лекетін құру ісіне тікелей қатысы барын сезіндірді. Дәл осы сезім – халықтың тарихи жадын, ұлттық бірегейлікті және мемлекетшілдік сана-сезімді қалыптастырды. Сондықтан декларацияның мәні уақытпен шектелмейді.

 

Марат ЖҰМАҒҰЛОВ,

Президент жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы