• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:50

42 экологиялық жоба іске асырылады

10 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстанның төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының екінші отырысы өтті.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен іс-шара­ға су ресурстары және ирри­гация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Пре­зи­дентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Тәжікстан Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзода және Түрікменстанның ауыл шаруашылығы министрі Чарыяр Четиев қатысты. Ал бақылаушы ретінде Қырғыз Республикасының Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрлігі Су ресурстары қызметі директорының орынбасары Абдыбай Жайлообаев қатысып отырды.

«Бүгінде халықаралық қо­ғам­­дастық бізден тек мәлім­демелер емес, нақты шешімдер күтеді. Арал теңізінің тағдыры, трансшекаралық суды тиімді әрі әділ пайдалану, табиғи ресурстарды сақтау – аймақтық қана емес, жаһандық маңы­зы бар мәселелер. Олар орнық­ты даму, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздік, сондай-ақ миллиондаған адам тұр­­мысының сапасымен тіке­лей байланыс­ты. БҰҰ Бас Ассам­блеясының соңғы отыры­сында екі ел басшылары қоршаған ортаны қорғау үшін сенім, ынтымақ және бірлескен әрекеттердің маңызды екенін атап өткен болатын. Қазақстан бұл көзқарасты толық қолдай­ды», деді Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Кездесуде тараптар келесі жылы сәуір айында өтетін Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындық барысын, сондай-ақ Қазақстанның 2024-2026 жылдардағы төраға­лығы кезеңінде Атқару­шы комитеттің жұмыс жос­парын жүзеге асыру мәсе­лелерін талқылады. Жиын­ға қатысушылар Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасының және Орта­лық Азияның тұрақты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаның орындалу ба­ры­сын талқылады. Сондай-ақ олар Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдық құрылымы мен құқық­тық базасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының қызметін қарастырды.

Қазіргі уақытта Арал теңізі бассейнінде 42 экологиялық жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар Дүниежүзілік банктің қолдауымен екі аймақ­тық гранттық жобаны бастау мүмкіндігі пысықталуда.

Отырыста қатысушылар Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы коми­тетінің 26 наурызды Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзен­дерінің халықаралық күні деп жариялау туралы ұсыны­сын назарға алды.

Кездесу соңында Халық­аралық Аралды құтқа­ру қоры басқармасының шешімдеріне қол қою рәсімі өтті.