• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:00

Қазақстан тарихының үшінші томы бекітілді

20 рет
көрсетілді

Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті.

Редакция алқасы жалпы да­уыс беру арқылы баспаға дайындау үшін басы­лымның үшінші томының қол­жаз­басын бекіту туралы шешім қабыл­­­­дады.

Осы жұмысты қорытындылаған Мемлекеттік кеңесші отандық тарих ғылымындағы Алтын Орда тақыры­бының маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысының бас­тамасымен 2022 жылы Жошы ұлы­сын зерттеу ғылыми институты құрылды. Келер жылы елімізде Алтын Орда мұрасын зерделеуге ар­нал­ған халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр. Қазақстан тарихының Алтын Орда дәуіріне арналған жеке академиялық томын бекіттік. Түптеп келгенде, осының бәрі Қазақстанда Алтын Орданы зерделеу жөнінде арнайы ғылыми-тарихи мектеп қалып­тасып жатқанын айғақтайды», деді Е.Қарин.

Сондай-ақ жиында жеті томдық еңбектің төртінші томының мазмұны талқыланды.

Авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу республикалық ақпараттық орталығының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Меруерт Әбусейітова және томның үйлестірушісі, тарих ғылымдарының докторы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этно­логия институтының бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Зиябек Қабылдинов басы­лым­ның тұжырымдамасы, мазмұны және құрылымы туралы баяндама жасап, «Қазақ хандығы» деп аталатын төртінші томның ерекшеліктері мен жаңалығын атап өтті.

Сонымен қатар Парламент депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілдің, тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектері қауымдастығының атқарушы директоры Күлгазира Балтабаеваның, «Қазақ тарихи қоғамының» басқарма төрағасы Радик Темірғалиевтің рецензиялары тыңдалды.

Мәмбет Қойгелдиев, Айдос Сарым, Оразақ Смағұлов, Ханкелді Әбжанов, Михаил Акулов, Кенжехан Матыжанов, Бүркітбай Аяған, Галина Ксенжик, Жақсылық Сәбитов, Берекет Кәрібаев, Дихан Қамзабекұлы, Сәбит Шілдебай, Мұрат Әбдіров секілді редакция алқа­сының басқа да мүшелері өз ой-пікір­лерін ортаға салды.

Жиын соңында редакция алқасы төртінші томды жетілдіру жұмысын жалғастырып, келесі отырыста қарас­тыру жөнінде шешім қабылдады.