• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 07:55

Кісілік тағылымы

20 рет
көрсетілді

Алматыдағы Ұлттық кітапханада көрнекті жазушы Жұмабай Шаштайұлының туғанына 75 жыл толуына арналған әдеби жиын өтті. Қалам ұстаған қауым ұлт әдебиетіне айшықты қолтаңбасын қалдырған жазушыны құрметпен еске алып, әділет пен адамгершілікті тұтас ғұмырының өзегіне айналдырған қаламгер туралы естеліктер топтастырылған «Өзгермеген адам» кітабының тұсауы кесілді.

Тағылымды кештің өтуіне Жұма­ғаңның өзі әдебиет пен журналистикаға баулыған шә­кірттері ұйытқы болған. Жазушының туған күнінде көпшілікке таныстырылған естелік жинақта Жұмабай Шаштай­ұлының кісілік келбеті, адами ажарына дақ түсірмеген парасаты мен қар­пайымдылығы қаламдастары мен шәкірттері тарапынан жылы көрініс тапқан. Сондай-ақ жаңа туындыда қаламгердің өмір жолы, шығармашы­лық ұстанымы, замандастарының естеліктері мен сирек архивтік мате­риалдар да қамтылған.

Ақын Ұлықбек Есдәулет тізгіндеген рухани кеште Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рус­там Әли Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жазушы шығар­машы­лығы хақындағы жылы лепесін жеткізді.

«Жұмабай Шаштайұлы – қоғам жүгін, ел мұңын көтерген мазмұны терең мақалалар, шоқтығы биік шығармалар жазып, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосты. Соңынан еріп, қолына қалам ұста­ған жастарға рухани әке болып, шәкірттерінің шырағын жақты, талантын ұштады. Ұлт мәдениетіне зор еңбек сіңірген осындай тұлғалардың есімін ұлықтау рухани сабақтастықтың, елдіктің белгісі» делінген құттықтау хатта.

Басқосуда Жазушылар одағы төр­аға­сының орынбасары Ғалым Қали­бекұлы, ұлт прозасына «Аспанқора», «Құралайдың салқы­ны», «Қызыл қар», «Аяз би» секілді сүбелі шы­ғармалар сыйлаған қаламгердің жазу өнеріндегі жарқын жолы туралы айта келіп, «Қазақ әдебиеті» газеті Жұмағаң басқарған жыл­дары ерекше мазмұнмен жарық көрге­нін атап өтті.

Ал әдебиет сыншысы Бекен Ыбы­­­райым: «Проза тарихында бірден өз бетін айқындап, өнімді жолға түскендер де, бертінге дейін әрқилы ізденістер өрісін шарқұрып шарлап, өзін-өзі сынап барып, табыстарға жеткендер де аз емес. Жұмабай Шаштайұлын бірден-ақ өз жолын тапқан бақытты қаламгерлердің қатарына қосар едік. Шығармашылық нысанасын бірден айқындап, түрлі измдерге еліктеп-солықтамай, шындықты алтын арқау етіп таңдады да, сол бағытта өзінің көркемдік әлемін жасады. Ол қай шығармасында болсын, ең алдымен ел өміріндегі айтулы өзгерістерді, адамдардың тағдырын, табиғатын, қара­пайым тіршілігін қаламына өзек етті», деп еске алды.

Жазушы туған топырақ Жамбыл ­ауданы жұртшылығының ықыласын ала келген аудан әкімі Нұрлан Ертас­ұлы, жерлестері Жұмағаңның әдебиет пен журналистикадағы өнегесін мақтан ­тұ­татынын, оның шығармашылық ­еңбек­тері ұрпаққа мұра екенін атап өтті.

 

АЛМАТЫ