2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 17,3 трлн теңгені немесе жоспардың 102 пайызын құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржы көрсеткіштері келесідей қалыптасты.
«Мемлекеттік бюджеттің кірістері 17,3 трлн теңгені құрап, жоспардың 102%-ын орындады. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 116%, яғни 2,4 трлн теңгеге артқан», деді министр Үкімет отырысында.
Республикалық бюджетке түскен кірістер көлемі 10,5 трлн теңгені құрап, жоспар 97,3% деңгейінде орындалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116%, яғни 1,4 трлн теңгеге көп.
Министрдің айтуынша, кейбір көрсеткіштердің толық орындалмауына негізгі себеп — әлемдік мұнай бағасының жоғары құбылмалылығы және геосаяси тұрақсыздықтың сақталуы. Бұл факторлар бизнес үшін логистикалық шығындардың артуына әсер етіп, соның салдарынан экспорт көлемі азайып, ірі кәсіпорындардан түсетін салық түсімдері төмендеген.
«Ал жергілікті бюджеттерге келіп түсетін салықтар сыртқы факторларға тәуелді емес, сондықтан бұл бағытта тұрақты өсім байқалады. Түсімдер көлемі 6,8 трлн теңгені құрап, жоспардан 704 млрд теңгеге артық орындалған. Салықтық және кедендік әкімшілендіру аясында қосымша 653 млрд теңге көлемінде резервтер қамтамасыз етілді. 2025 жылдың 9 айында экспорттаушыларға ҚҚС көлемі 1 трлн теңгеге жуық қайтарылған», деді министр.