2025-2026 оқу жылында қабылданған 189 мың талапкердің 145 мыңы – мемлекеттік тапсырыс бойынша екен. 9-сынып түлектерінің барлығы машина жасау, IT, энергетика, құрылыс сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқумен қамтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Дуальді білім беру жүйесі бойынша 108 мың студент оқиды, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 135 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше Қытай, Германия, Франция, Түркия, Оңтүстік Корея, Финляндия, Канада, Сингапур, Италия, Ұлыбритания, Швейцария колледждерімен академиялық мобильділік, халықаралық салалық аккредитация және стратегиялық әріптестіктің өзге де түрлері бойынша жасалған 50-ден астам халықаралық келісім білім сапасын арттыруға және түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Бұл жұмыстардың барлығы айтарлықтай нәтижелер беріп отыр. Данияда өткен Euroskills Herning 2025 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында Қазақстанның ұлттық құрамасы веб-технология, мехатроника, графикалық дизайн, желілік және жүйелік әкімшілендіру, инженерлік CAD дизайн сияқты 5 бағыт бойынша 7 үздік шеберлік медальонын жеңіп алып, «Ұлт үздігі» аталымында марапатталды.
Жұмысшы мамандарды қолдау мақсатында жеңілдетілген шарттарымен «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. 22 қыркүйектегі жағдай бойынша бағдарлама аясында жалпы сомасы 46,5 млрд теңге болатын 1,9 мыңнан астам несие берілді.