• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Күрес Бүгін, 08:07

Шұғыла – әлем чемпионы!

30 рет
көрсетілді

Сербияның Нови Сад қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионаты (U-23) аяқталды. Жарысты еліміздің құрамасы бес жүлдемен қорытындылады.

Грек-рим күресінен өткен жарыста жерлестеріміз үш жүлдеге қол жеткізді. Солардың арасында Юсуп Мациев табысты өнер көрсетті. 97 кг салмақта айқасқан астаналық апайтөс жапония­лық Кио Китаваки, армениялық ­Ар­шак Гегхамиян, ресейлік Мак­сим Аверинді жеңіп, бас жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болды. Бірақ шешуші тұста әлем чемпионы (U-20) украиналық Егор Якушенконы еңсере алмады. Сөйтіп, Ю.Мациев күміс медальді қанағат тұтты.

72 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Мерей Мәулетқанов алғашқы айналымдарда бол­гариялық Сергей Стоев пен түр­киялық Ерен Ұлқуды ойсырата ұтқанымен, жартылай финалда өзбек Аброр Атаевтан айла­сын асыра алмады. Үшінші орын үшін белдесуде Ресей өкілі Даниил Григоревтің тас-талқанын шығарып, қолаға қол жеткізді.

82 кг салмақтағы Омар Сатаев та сол межеден көрінді. Бастапқы бәсекелерде мысырлық Аболфази Мохмеди мен мексикалық Диего Торесті тізе бүктірген отандасымыз ширек финалда жас­тар арасындағы әлемнің екі дүркін чемпионы, молдовалық Александр Гутуға жол берді. Одан кейін Омар жапониялық Реон Какегва мен бельгиялық Ибрагим Табаевтың осал тұсын оңай тапты.

Жеңіс тұғырына көтерілуге Ерасыл Мамырбековтің (55 кг) де мүмкіндігі болды. Бастапқы бәсекелерде барлық бәсекелесінен басым түскен ол жартылай финалда ресейлік Әлібек Әміровке жол берді. Одан кейін үшінші орын үшін тартыста үндістандық Вишважит Мореден жеңілді. Исхар Құрбаев (60 кг), Нұрдәулет Қапас (63 кг), Бағдат Сабаз (67 кг), Нұрасыл Аманәлі (77 кг), Мақсат Сайлау (87 кг), Жоһар Узаров (130 кг) үшін Сербия сапары сәтсіз аяқталды.

Грек-рим күресінен әлем чемпиондары: 55 кг – Елмир Әлиев (Әзербайжан), 60 кг – Кото Гоми (Жапония), 63 кг – Зия Бабашов (Украина), 67 кг – Мұхамед Әб­дел­рахим (Мысыр), 72 кг – Хос­сейн Мохамеди (Иран), 77 кг – Ирфан Мирзоев (Украина), 82 кг – Александр Гуту (Молдова), 87 кг – Чоламреза Джавад Фару­хисенджани (Иран), 97 кг – Егор Якушенко (Украина), 130 кг – Фарид Шабан Хедаяти (Иран).

Былтыр Тиранада жалауы желбіреген жарыста жеңіс тұ­ғы­рына сынық сүйем қалғанда сүрінген Лаура Ғаниқызы (50 кг), Зейнеп Баянова (53 кг), Алина Ертөстік (76 кг) осы жолы жеңіс тұғырына көтерілетін шығар деп үміттендік. Осыдан төрт жыл бұрын дүниежүзілік додада дара шыққан Нилуфар Раимоваға (57 кг) да айрықша сенім ар­тыл­­­ды. Бірақ биылғы додада олар ­тым нашар күресті. Нилуфар үндістандық Неха Шармадан ұтылды. Зейнеп жұбаныш белдесуінде ресейлік Виктория Волкқа есе жіберді. ­Сол секілді талай ірі дүрмекте ысыл­ған Виктория Хусаинова­дан ­(65 кг) да қайыр болмады. Ши­рек ­финал­­­да ол әзербайжандық Хюнай ­Құр­­бановадан жеңілді.

Сенім артқан сұлуларымыз бірінен кейін бірі ұтылып жатқанда есімі көпшілікке бей­мәлім Шұғыла Өмірбек жарқ етті. Бұған дейін көп көзге түспеген қазақ қызы шеберлік­тің шынайы үлгісін көрсетті. 55 кг салмақта сайысқа түскен ол әлем біріншілігінің (U-23) күміс жүлдегері, молдовалық Михаила Самойл, кадеттердің әлем біріншілігінің финалисі, румыниялық Александра Войу­келеску, Еуропа чемпионы (U-20), германиялық Амори Андричтің аяғын көктен кел­тір­ді. Финалда түркиялық Туба Демирмен айқасты. Бұл белдесуде Шұғыла өзінің жанкештілігі мен табандылығының арқасын­да азулы қарсыласының уысы­нан жеңісті жұлып әкетті. Сөй­тіп, Шұғыла Өмірбектің есімі U-23 жарысында алдына жан салмай, әлем чемпионы атанған қа­зақ­тың тұңғыш бұрымды балуаны ретінде тарихқа жазылды.

Әйелдер күресінен әлем чемпиондары: 50 кг – Жунлу Лиан (Қытай), 53 кг – Харуна Марикава (Жапония) , 55 кг – Шұғыла Өмірбек (Қазақстан), 57 кг – Ака­ри Фуджинами (Жапония), 59 кг – Рука Натами (Жапония), 62 кг – Сакура Матоки (Жапония), 65 кг – Елизавета Петлякова (Ресей), 68 кг – Несрин Бас (Түр­кия), 72 кг – Нұрзат Нұртаева (Қырғызстан), 76 кг – Кайл Рене Уилкер (АҚШ).

Еркін күрес шеберлері сайысында тек 2024 жылғы әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. 97 кг салмақта сайысқа түскен ол бастапқы бәсекелерде түркиялық Иб­рагим Бенекли, ис­па­ниялық Аймар Егуиноа, амери­ка­­лық Гара­вус Коуе­ка­бахи­лахоны мер­зімінен бұ­рын ұтты. Жар­тылай ­фи­­­налда әлем чем­пио­натының қо­­ла жүлдегері, Азия­ның екі дүр­кін чемпионы, жапон Араш Ёшидамен қиысты. Дәл осы балуаннан біз­дің жігіт соңғы екі маңызды жа­рыс­та ұтылған еді. Бұл жолы да Ёшида өзінің мықтылығын мойындатып, қандасымызға бір де ұпай бермеді. Қола медаль үшін са­йыста Ризабек әлем чемпионы (U-20), ирандық Абдолфазал Бабалодан басым түсті.

Өкінішке қарай, өзге жер­лестеріміз сенім үддесінен шыға алмады. Джахонгир Ахмаджанов (57 кг), Мерей Базарбаев (61 кг), Диас Сағатов (74 кг), Айбек Айтбеков (92 кг), Бауыржан Советов (125 кг) тұсаукесер кездесулерінде сүрін­ді. Махамбет Мәмбетов (86 кг) екінші кезеңде жеңілістің кермек дәмін татты. Жарысты сәтті бастаған Рүстем Төленді (65 кг) ширек финалда қырғызстандық Билол Шәріпұлы шаң қаптырып кетті. Осы межеде Майс Әлиев (70 кг) ирандық Сина Махди Халилиге, Ерхан Әбіл (79 кг) ресейлік Никита Маевскийге есе жіберді.

Еркін күрестен әлем чемпион­дары: 57 кг – Люк Лиллендаль (АҚШ), 61 кг – Джексен Форрест (АҚШ) , 65 кг – Сунжит Сун­жит (Үндістан), 70 кг – Хенан Хейбатов (Әзербайжан), 74 кг – Оуэн Месенбринк (АҚШ), 79 кг – Леви Хейнес (АҚШ), 86 кг – Арсен Балоян (Ресей), 92 кг – Мохамадмодин Азими (Иран), 97 кг – Араш Ёшида (Жапония), 125 кг – Абдолфазл Нежад (Иран).