Құқықтық тәртіп әскерінде цифрландыру үдерісі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы ретте ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясында цифрландыру дәуіріндегі ақпараттық қауіпсіздік пен коммуникацияның жаңа бағыттарына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп жазады Egemen.kz.
Петропавл қаласында өткен конференцияға отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, курсанттар мен студенттер қатысты. Әскери саладағы ақпараттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруді көздейтін шарада әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологияларды тиімді енгізу, әлеуметтік желілердегі манипуляция, фейк контенттің таралуы секілді тақырыптар талқыланды.
Шара барысында академияның әскери педагогика және психология кафедрасының оқытушылары полковник Болат Смағұлов, запастағы полковник Александр Митяев және подполковник Қазыбек Мұратаевтың электронды оқу құралы түріндегі ұжымдық еңбегі көпшілік назарына ұсынылды.
Оқу құралында Ұлттық ұланның стратегиялық коммуникацияларын жетілдіру жөніндегі ұсынымдар кешені, оның ішінде институционалдық, технологиялық және білім беру шаралары қарастырылған. Оқу құралы HTML бағдарламасы тілінде құрастырылған және «Ақпараттық-психологиялық қарама-қайшылық», «Журналистика негіздері» пәндері бойынша курсанттарды даярлауға, сондай-ақ жеке құраммен тәрбие жұмысын жүргізу бағытын да қамтыған.
Конференцияда Ұлттық ұлан академиясының екінші курс курсанты Ислам Ауесхан жасанды интеллекттің медиа ортадағы адам санасына ықпалы туралы өзекті баяндама жасады.Ол медиа платформалардағы алгоритмдердің пайдаланушылардың мінез-құлқын болжау мүмкіндігіне тоқталып, бұл үрдістің ақпараттық қауіпсіздік пен жеке кеңістікке әсерін саралады.
Ғылыми жиынға Қазақстан мен шет елдерден 65-тен астам ғылыми еңбек келіп түскен.
Жиын қорытындысында сарапшылар Ұлттық ұлан академиясы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан цифрландыру бағытындағы ғылыми зерттеулердің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін оң бағалады.