Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде еліміздегі заманауи Fab-Lab инновациялық зертханасы ашылды. Зертханада теория тәжірибемен ұштастырылып, идеялар іске асырылып, өнеркәсіп пен IT саласына қажетті жобалар әзірленеді, деп жазады Egemen.kz.
Fab-Lab (Fabrication Laboratory) – әлемнің жетекші оқу орындары қолданатын цифрлық өндіріс зертханалары желісінің халықаралық форматы.
Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің басшысы Әсет Мұхамбетовтің айтуынша, Жұмысшы мамандықтар жылында осындай заманауи зертханалардың ашылуы – еліміздің болашақ инженерлері мен техниктерін дайындаудағы үлкен стратегиялық қадам.
«Fab-Lab жастардың тек оқып қана қоймай, нақты өнім жасап, инновациялық жобалар әзірлеуіне мүмкіндік береді. Бұл – еңбек нарығына қажетті жаңа буын мамандарын қалыптастырудағы маңызды бастама», дейді Ә.Мұхамбетов.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, зертхана үш негізгі бағытта жұмыс істейді:
- Робототехника зертханасы – NAO гуманоид роботтары мен WorldSkills стандарттарына сай платформалар арқылы құрастыру және бағдарламалау дағдыларын дамытуға арналған.
- 3D модельдеу және 3D басып шығару зертханасы – Fusion 360, SolidWorks, Blender бағдарламаларында прототиптер мен цифрлық модельдер жасауға мүмкіндік береді.
- Жасанды интеллект зертханасы – Python, машиналық оқыту, компьютерлік көру және нейрондық желілер бойынша практикалық білім алуға бағытталған.