• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қаңтар, 2026

Арнаулы жәрдемақы кімдерге тиесілі?

20 рет
көрсетілді

Елімізде айрықша еңбегі үшін немесе төтен­ше жағдай салдарынан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеумет­тік көмек ретінде респуб­ли­калық бюджеттен ай сайын арнаулы мем­ле­кеттік жәрдемақы төле­неді. Қаңтарға де­йін жәрдемақының осы түрін алған­дардың саны 207 200 адамға жеткен. Жәрдемақыны жалпыға шақсақ, төленген қаржы 26,7 млрд теңге шамасында.

Мемлекеттік қол­дау­дың бұл түрі елі­міз­де 1999 жылы ен­гізілген. Бүгінде халықты әлеу­мет­тік қорғау жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Арнаулы мем­ле­кеттік жәрдемақы алуға құ­қылы азаматтардың 17 санаты заңнамада белгіленген. Тар­қатып айтсақ, олардың қата­рын­да екінші дүниежүзілік со­ғыс ардагерлері мен басқа мем­лекеттердің аумағында өткен әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлердің әйелдері мен қаза тапқан әс­кери қызметкерлердің отбасы мүшелері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар, тыл еңбеккерлері, Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар, саяси қуғын-сүргін құрбандары, мүгедектігі бар адамдар, ел ал­дындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған азаматтар бар.

Ай сайын түсетін төлемдердің мөлшері жәрдемақы алатын­дар­дың санатына байланысты 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке дейін өзгеріп отырады. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері жыл са­­йын АЕК мөлшерінің артуы­на байланысты, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тәртіппен көтеріледі. Ескеретін жайт, егер азамат бірнеше негізбен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы болса, онда жәрдемақы тек олардың біреуі бойынша ғана төленеді. Бұл ретте төлем алатын тұлғаның өз таңдауы басшылыққа алынады. Таңқаларлығы, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар да ел азаматтарымен тең дәрежеде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Құлаққағыс ретінде айтсақ, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып толтыруға болады. 

Соңғы жаңалықтар