2 ақпан – Ұлттық баспасөз күні «Қазақ газеттері» серіктестігі мен Ұлттық архив көрнекті жазушы, біртуар редактор Шерхан Мұртазаның жеке қолжазбалары мен құнды құжаттары қорының ашылуына орай дөңгелек үстел өткізді.
«Шерхан Мұртазаның қаламгерлік қазынасы» атты дөңгелек үстелді жүргізген «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы «Қазақ» газеті тағылымын тілге тиек ете келіп: «Қазақ баспасөзінің қара нары Шерхан Мұртазаның Ұлттық архивтегі қорының ашылуы Ұлттық баспасөз күніне сәйкес келіп отыр. Былтыр Республика күні қарсаңында біздің «Egemen Qazaqstan» газетінде сақталған Шерағаның 6 мың бетке жуық мол мұрасын Ұлттық архивке тапсырған едік. Оның ішінде өзінің жазған қолжазбалары, шығармаларына жинаған материалдары, фотосуреттері мен құжаттары бар еді. Міне, осы материалдар «емделіп», өңделіп, Ұлттық архивтен жазушының жеке тектік қоры ашылды», деді.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли оқып берді. «Қазақ руханиятының алып тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның қаламгерлік мұрасына арналған тағылымдық жиынның жоғары деңгейде өтуіне тілектеспін. Шерхан Мұртаза қазақтың болмыс-бітімін көркем сөзбен кескіндеген қайраткер ретінде елдік мүддені бәрінен биік қойды. Журналистиканы ұлтқа қызмет етудің жолы деп білді. Қазақ баспасөзінде қалыптастырған мектебі, редактор ретіндегі талапшылдығы, еңбекқорлығы тұтас бір буынның кәсіби әрі азаматтық тұлға болып қалыптасуына ықпал етті. Еліміздің Ұлттық архивінде зиялы тұлғаның жеке құжаттарының ғылыми тұрғыда жүйеленіп, ұлт игілігіне айналуы – маңызды тарихи оқиға. Бұл ұлттық жадымыздың толыққанды қорғауына жасалған нақты қадам деп білемін. Осындай маңызды басқосу қазақ руханиятына тың серпін берері сөзсіз» делінген хатта.
Ұлттық архивтің директоры Сағила Нұрланова сөз өнерінің, ұлттық рухтың биігі саналатын Шерхан Мұртазаның жеке тектік қорының ашылуы Ұлттық баспасөз күні қарсаңында өтуін жақсылыққа балады. Архив директоры қаламгердің мұралары арасындағы «ауруға шалдыққан» парақтар емделіп, бүлінген және зақымдалған материалдар арнайы реставрациялық зертханада механикалық тазалаудан өткізіліп, арнайы вакумдық камералар арқылы толықтай зарарсыздандырылғанын атап өтті. Сондай-ақ құжаттар мазмұнына, жазылған уақытына, тақырыптық бағытына қарай жүйеленіп, әр параққа ғылыми тұрғыда сипаттама дайындалып, арнайы тізімдеме жасалғанын атап өтті.
«Белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның мұралары осыдан үш ай бұрын Ұлттық архивке тапсырылған болатын. Содан бері 6 мыңға жуық құжаттың әрбір парағын өңдеп, емдедік. Алдағы уақытта біз оларды цифрлы форматқа көшіреміз. Осылайша, бұл мұралар шерхантанушы ғалымдар мен зерттеушілерге қолжетімді бола түседі. Осы іс-шараның ойдағыдай өтуіне бастамашы болған «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымына алғысымды білдіремін», дей келіп, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын айтты. Сондай-ақ ол архивтің сараптау-тексеру комиссиясының шешімімен Шерхан Мұртазаның құнды мұралары мемлекеттік сақтауға қабылданып, №312 жеке тектік қорының ашылғанын куәландыратын сертификатты табыстады.
Сонымен қатар жиында мемлекет және қоғам қайраткері, «Egemen Qazaqstan» газетін ұзақ жыл басқарған қаламгер Сауытбек Абдрахманов Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» пьесасының премьерасы өткен сәт туралы естелігін бөлісіп, қаламгердің қайраткерлік қырына тоқталды. «Біз журналистердің шығармашылығы туралы айтқанда олардың кітаптарын көбірек мысалға келтіреміз. Кітапқа енбеген шығармаларын оқу үшін газеттің тігінділерін ақтарамыз, сонымен шектелеміз. Ал шын мәнінде редакторлық деген – қатпар-қатпар құбылыс. Редактордың идея беруі, ұжымды басқаруы, кадрларды іріктеуі және оларды тәрбиелеуі сияқты нәрселердің ешқайсысы ескерілмейді. Сондықтан шерхантанудағы тағы бір арна ол кісі басқарған газеттердегі тігінділерді қарау деп білемін. Сол арқылы ол уақытта газеттің қалай өзгергенін, Шерханға дейін қалай болғанын, оның тұсында қалай болғанын және одан кейін қалай өзгергенін сараласа, Шерағаның қазақ баспасөзінде теңдессіз редактор болып, қай басылымға барса да бірден бағын жандырып жібергенін көреді», деді Сауытбек Абдрахманов.
Бұдан кейін «Egemen Qazaqstan» газетін басқарған журналист, бүгінде «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр да осы ойды жалғап әкетті. «Осыдан бір ғасыр бұрын Алаш ардақтылары баспасөзді ұлтын оятуға пайдаланса, Шерхан Мұртаза ширек ғұмырын редакторлыққа арнады. Кешегі тоталитарлық заманда ұлтының ұнжырғасы түспеуі үшін тер төгіп, ұлы миссияны орындады. Сондықтан Шерхан Мұртазаның редакторлық мектебі жеке зерттеуді қажет етеді», дей келіп, оның мұраларының елорда төріндегі Ұлттық архивте сақталуының өзіндік мәні бар екенін айтты.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан да Шерхан Мұртазаның тұлғалық қасиетін таразылай түсті. «Шерхан Мұртаза – ғасырда бір туатын қайраткер. Өмірінің соңына дейін күреспен өткізген мұндай тұлғалар елімізде өте сирек. Ол кеңес дәуірінде ұлттық баспасөздің басы-қасында жүріп, ұлтына қызмет етті. Сол себепті ол кісіні кешегі Әлихан, Ахмет секілді Алаш қайраткерлерінің ізбасары деп айтуға толық негіз бар», дей келіп, талас-тартыс арасында жүріп ұлттың жоғын жоқтағанын, журналистикада мектеп қалыптастырғанын айтты.
Сондай-ақ жиында баспасөз саласының ардагерлері Жарылқап Бейсенбайұлы, Жанат Елшібек, Ағайдар Ысымұлы, Оңдасын Елубай, Шархан Қазығұл, Талғат Батырхан, зерттеуші ғалымдар Серік Негимов, Марат Әбсеметов, Қайрат Сақ сөз сөйлеп, Шерхан Мұртазаның журналистика саласына сіңірген еңбектеріне талдау жасады. Дөңгелек үстелде қарымды қаламгердің тәуелсіздікті нығайтуға үлкен үлес қосқаны, «Egemen Qazaqstan» газетінің бетінде елдік мәселелерді көтеріп, басылымның абыройын асқақтатқаны, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жасағаны, басқа да адами қасиеттері туралы әңгімеледі. Осылайша, Ұлттық баспасөз күніне орай өткізілген іс-шара журналистикада өшпес ізін қалдырған Шерхан Мұртазаның қаламгерлік жолын еске алуға арналды.