Ұлытаудан басталып, Түркістан, Атырау, Көкшетау өңірлерінде жалғасын тауып, қасиетті Қызылордада түйінделген Ұлттық құрылтай өткенімізді таразылап, болашақты бағамдайтын рухани алаңға айналды. Сыр бойында өткен бесінші Құрылтайда айтылған ойлар ұлттық мұрамызды әлемге танытудың нақты бағытын айқындап берді.
«Сыр – Алаштың анасы» деген сөздің астарында терең мән жатыр. Өйткені бүгінгі Қызылорда өңірі бір кездері қазақтың астанасы болған – ұлт жадының өзегі. Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ сынды көне шаһарларымен тарихта қалған аймақта сонау ерте дәуірлерде-ақ ұлтымыздың дамыған қалалары бой түзеп, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы еліміздің қалалық мәдениеті де қарыштап дамығанын айғақтайды. Яғни қазақ даласы тек көшпенді өркениетпен ғана шектелмеген. Демек, біздің тарихымызды әлемге таныту ісін ең алдымен осы жалған түсініктерді түзеуден бастау керек.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдағы сөзінде:
«Бұған дейін Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы бастамалар көтерілді. Соған сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгіздік. Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады. Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді», деген болатын.
Осылай Президентіміз Қызылордадағы құрылтайда мәдениет пен өнерді стратегиялық саясаттың өзегіне айналдыру қажеттігін атап өтіп, рухани жаңғырусыз бірде-бір реформаның баянды болмайтынын тілге тиек етті. Демек, біздің алдымызда асыл мұрамызды жаңаша мазмұнмен әлемге таныту мақсаты тұр.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директорының міндетін уақытша атқарушы Досым Зікірия:
«Ұлттық құрылтайда Президент асыл мұраларымызды әлемге танытудың маңызына тоқталды. Ол кешенді жұмысты жүзеге асыру үшін не істемек керек? Бұл орайда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан елеулі істер атқарылып, келелі жоспарлар жасалып жатыр. Солардың қатарында Қазақстанның тарихи-мәдени нысандарын, рухани мұрасын әлемге жүйелі таныту үшін жеке жобалармен шектелмей, ортақ тұжырымдама қабылдап, ұлттық мұраны танытудың бірыңғай стратегиясын әзірлеу, осылайша алдымен стратегиялық тұрғыда ЮНЕСКО, халықаралық ғылыми қауымдастық, креативті индустрия және цифрлық платформаларды бір арнаға тоғыстыру сынды істерге жол ашылуда. Сонымен қатар «Ұлттық цифрлық мұра» қо-рын іске қосу, архив құжаттары, музей жәдігерлері, ғылыми еңбектер, фольклорлық мұраларды заманауи форматта цифрландырып, қазақ, ағылшын және басқа да кең таралған тілдерде қолжетімді ету бағытындағы жұмыстар да басталып кетті. Бұйырса жақын болашақта оның жемісін де көретін боламыз», дейді.
Сарапшы мамандар кейінгі жылдары еліміздің ЮНЕСКО аясындағы жұмыстары осы бағытта жүйелі жүргізіліп келе жатқанын, «Хандар шежіресінің» «Әлем жады» тізіміне енуі, Маңғыстаудың жерасты мешіттерін Бүкіләлемдік мұралар қатарына қосу талпынысы осының дәлелі екеніне тоқталды.
Алайда мұраны тек тізімге енгізумен шектелу жеткіліксіз. Ол жәдігерлерімізге жан бітіріп, бұқараға түсіндіру, насихаттау, заманауи тілмен сөйлету қажет. Бұл жерде кино, деректі фильм, цифрлық платформа, жасанды интеллект мүмкіндіктері шешуші рөл атқарады. Мәселен, Жошы хан туралы көпсериялы фильмнің халықаралық платформаларда көрсетілуі – Алтын Орда брендін әлемге танытудың тың жолы. Бірақ бұл істе Президент атап өткендей, сыртқы көркемдікпен қатар ішкі мазмұнның тереңдігі басты назарда болуға тиіс деп ойлаймыз.
Алайда асыл мұраларымызды әлемге таныту бір реттік науқан болып қалмауы керек. Ұлттың рухани құндылықтарын сақтап, әлемдік өркениетке лайық деңгейде таныта білгенде ғана бұқара елдегі саяси реформалардың нәтижесін сезінеміз.