• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 08:52

Саяси жүйені неғұрлым икемді ету ұсынылды

0 рет
көрсетілді

Жаңа Конституция жобасында жасанды әрекетсіздікке жол бермеу және ұзаққа созылған институционалдық дағдарыстардың алдын алу мақсатында пәрменді құқықтық тетіктер енгізілген.

Атап айтқанда, 46 және 62-баптардың бастапқы редакцияларында негізгі тағайындауларды қайта келісуден бас тартылған жағдайда Құрылтайды тара­­ту мүмкіндігі қарас­ты­рылған еді. Алайда бұл нор­ма «Күшті Президент – ық­палды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына толық сәйкес келмейді.

Қоғамда, әсіресе әлеу­меттік желілер мен сарап­шылар ортасында Құ­рыл­тайды тарату негіздері кеңінен талқыланды. Осыған байланысты «Amanat» партия­сы фракциясы 46 және 62-баптардағы «Пре­зи­дент таратады» деген тұжырымдаманы «Пре­зидент таратуға құқылы» деп өзгерту туралы ұсыныс енгізіп отыр. Бұл түзету Құрылтайды жасанды түрде тарату және саяси дағдарыс туындату мүмкіндігін бол­дырмауға бағыттал­ған. Ұсынылған нақтылау – мем­лекеттік жүйені іш­тен шай­қалудан, жасанды келіспеушілік арқылы оның жұмысын тоқтатудан және елді ұзаққа созылған институционалдық дағда­рысқа тартуға тырысудан сақтандырудың бір түрі. Аталған өзгерістер ре­фор­ма­лардың жалпы логика­сына және «Әділетті Қазақстан» моделіне сәйкес келеді.

Сондай-ақ комиссия мүшелеріне 62-баптың екінші тармағына «Пре­зидент ұсынған кандидатураны тағайындау» деген тұжырымның орнына «Президент ұсынған әрбір кандидатураны тағайындау» деген нақтылауды енгізу ұсынылады. Бұл нормадағы құқықтық әркелкіліктерді жоюға және оның мазмұнын біріздендіруге мүмкіндік береді.

Қазақстан халықаралық тәжірибеде кеңінен таныл­ған және түсінікті Вице-президент институтының моделін саналы түрде таң­далып отыр. Бұл қадам еліміздің танымалдығы мен саяси салмағын арттырып, мем­лекеттік басқару жүйесін сыртқы серіктестер үшін анағұрлым айқын әрі түсі­нікті етеді.

Сонымен қатар Ата заң жобасындағы новеллаларын дұрыс түсінбеу реформалардың мәнін бұрмалауға әкелуі мүм­кін. Қазіргі таңда қоғам­да «cancel culture», яғни «жою мәдениеті» құбы­лысы күшейіп келеді. Бірқа­тар елде қоғамдық пікір­таластар шектен шығып, сындарлы диалогтің орнына адамдарды негізсіз айып­тау мен «жою» әрекет­тері орын алып жатады. Конституция жобасында бұл мәселеге қатысты нақ­ты құндылықтық бағ­дар айқындалған: адам­ның ар-намысы мен қа­дір-қасиетіне қол сұғыл­майды және заңмен қорға­лады. Бұл сынға тыйым са­луды білдірмейді. Ке­рісін­ше, біздің ұстаным – ашық пікірталас пен жауапкершілік қағидат­тарына негізделген құ­қық­тық мәдениетті қалып­тастыру.

Қоғамда кең талқылауға түскен тағы бір мәселе – Конституция жобасының 5-бабының 6-тармағы. Желіде бұл норма «мемлекет ішіндегі мемлекет» құрып отыр екен деген тезис белсенді түрде таралып жатыр. Бұл шын­дыққа жанаспайды. Қа­зақстан бірыңғай құ­қық­тық кеңістігі бар бір­тұтас мемлекет болып қала береді. Алатау – автономия да, ерекше аумақ та емес, еліміздің бір қаласы. Онда жаңа жұмыс орында­рын құру, инвестициялар тарту үшін бизнеске жедел­детілген рәсімдер қарас­тырылған белгілі бір қар­жылық дербестік қарас­тырылып отыр.

 

Мұрат ӘБЕНОВ,

Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі 

Соңғы жаңалықтар