Өткен демалыс күндері «Отбасы банк» салымшыларының жинақ шоттарына мемлекеттік сыйақы аударылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 2 530 829 адамға мемлекеттік сыйақы есептелді. Бұл – азаматтардың қаржылық тұрақтылығын арттыруға және жеке тұрғын үй алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды қолдау тетігі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекеттік сыйақы алғандардың 388 799-ы – жеке баспанасы жоқ әрі тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар. Олардың 237 688-і бұрын kezekte.kz порталында тіркелген. Бұл салымшылар болашақта жылдық мөлшерлемесі 2%-дан басталатын жеңілдетілген заем алу үшін «Отбасы банкте» жоспарлы түрде қаражат жинап жатыр. Ал 151 111 азамат 2025 жылғы 24 мамырдан кейін orken.otbasybank.kz порталында тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп, биыл ғана депозит аша бастаған.
2025 жылдың нәтижесі бойынша депозиттеріне мемлекеттік сыйақы есептелген кезекте тұрған азаматтардың арасында I және II топтағы 12 059 мүгедек, 57 551 көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 10 679 отбасы, сондай-ақ «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша кезекте тұрған 13 966 адам бар.
Дүниежүзілік банк 1 млрд доллар бөлді: Оны Қазақстан қай мақсатта қолданады?
Сонымен бірге тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысатын 303 406 жас салымшы да мемлекеттік сыйақы алды. Ата-аналары балалардың болашақта баспаналы болуы үшін олардың атына депозит ашқан. Биыл бұл шоттарға 9,6 млрд теңге көлемінде мемлекеттік сыйақы аударылды.
Жалпы алғанда, қазақстандықтарға есептелген мемлекеттік сыйақының жиынтық көлемі 124,4 млрд теңгені құрады. Бір салымшыға берілген ең жоғары сыйақы мөлшері 157 280 теңге болды. Дәл осы ең жоғары соманы 591 709 адам иеленді.
Мемлекеттік сыйақы есептелген 555 732 депозит онлайн форматта – мобильді қосымша және бейнесервис арқылы ашылған. Жинақ шоттарының ең көп саны Шымкент қаласында тіркелді – 164 146 салым. Астана қаласында – 126 341 салым, Алматы қаласында – 113 297 салым ашылған. Бұл қалаларда мемлекеттік сыйақы есептелген депозиттердің үлесі жоғары.
Мемлекеттік сыйақы заңнамаға сәйкес төленеді және азаматтардың тұрғын үйге қаражат жинауын жеделдетуге бағытталған. Айта кету керек, ағымдағы жылы сыйақы өткен жылдары сыйақы есептелген салым сомасына қайта есептелмейді. Егер сыйақы есептелетін жинақ мөлшері 200 АЕК-тен асса, сыйақы берілмеген қалдық сома келесі жылдың қорытындысы бойынша есептеу кезінде ескеріледі.
Ұлттық банк төрағасы азаматтарға ипотекаға үй алуды кейінге қалдыруға кеңес берді
Мысалы, 2024 жылдың соңында салымшы депозитінде 1 млн теңге болса, мемлекеттік сыйақы тек 200 АЕК көлеміндегі сомаға ғана есептелді. Қалған айырма 2025 жылдың қорытындысы бойынша сыйақы есептегенде назарға алынды.
Егер бір адамның банкте бірнеше депозиті болса, мемлекеттік сыйақы оның таңдауы бойынша тек бір шотқа ғана аударылады. Қажет болған жағдайда салымшы есепті жыл аяқталғанға дейін банктің мобильді қосымшасында тиісті жинақ шотын белгілеп, өзгеріс енгізуі тиіс.
2026 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сыйақының ең жоғары мөлшері 173 000 теңге болады. Оны алу үшін «Отбасы банк» шотында кемінде 865 000 теңге (200 АЕК) жинақталуы қажет. Бұл үшін ай сайын шамамен 73 000 теңгеден салып отыру ұсынылады.
Банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйақыны қосқанда, депозиттер бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме 14%-ға дейін жетеді.
Мемлекеттен көмек алған банктерге дивиденд төлеуге шектеу қойылуы мүмкін
Жинақ жүйесі қазақстандықтарға жылдық мөлшерлемесі 3,5%-дан басталатын (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) қолжетімді несие алып, жеке баспанасын сатып алуға мүмкіндік береді.