Таңертеңнен бастап референдум учаскелеріне спорт жұлдыздары келіп жатыр. Алғашқылардың бірі болып бокстан 2000 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Ермахан Ибраимов өз таңдауын жасады. Сондай-ақ, бокстан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай, джиу-джитсудан екі дүркін Әлем және Азия чемпиондары егіздер Сәрсенұлдары, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан, бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Наталья Богданова, сондай-ақ Теңге ілу бойынша 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындардың жеңімпазы Бекнұр Серіков сынды спорт саңлақтары өз дауыстары белгіленген бюллетенді жәшікке салды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Чемпиондар бірден-ақ қатысушылардың қызығушылығын тудырды: көбісі әлеуметтік желілерде жариялау үшін спортшылармен фотосуреттер мен видео түсіруге кірісіп кетті.
Айта кетейік, дауыс бергендердің қатарында Ұлттық олимпиада комитетінің президенті, «World Boxing» ұйымының басшысы Геннадий Головкин де бар. Қазақстандық бокс жұлдызы қазір Бангкокта. Геннадий Головкин World Boxing Futures Cup 2026 халықаралық турниріне қатысуға дайындалып жатыр.
Спортшы Қазақстанның Таиландтағы елшілігі жанындағы № 421 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады. Геннадий Головкин азаматтардың ел үшін маңызды шешімдер қабылдауға қатысуының қажеттілігін айтып, мемлекетті одан әрі дамыту мен нығайтудағы республикалық референдумның рөлін атап өтті.
Референдум күні Алматыдағы учаскелердің бірінде «Әжелер хоры» ән айтты
Естеріңізге сала кетейік, бүгін барлық назар жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға аударылып отыр. Учаскелерде дауыс беру таңғы 7-ден басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. ОСК деректері бойынша тізімге 12 461 796 азамат енгізілген. Жалпы учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері бойынша дауыс беру құқығына 17 514 есептен шығару куәлігін берді. Еліміз бойынша дауыс беру үшін барлығы 10 388 учаске ашылды. Оның ішінде Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан 54 елде 71 учаске жұмыс істеп тұр.
Жетісуда 105 жастағы әже алғашқылардың қатарында дауыс берді
Референдум күні Атырауда екі бірдей үшем дүниеге келді