Белгілі америкалық актер және жекпе-жек өнерінің шебері Чак Норрис 86 жасында Гавай аралдарында қайтыс болды. Бұл туралы оның отбасы хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Актердің қазасына байланысты көңіл айтқандар қатарында Жан-Клод Ван Дамм, Дональд Трамп және басқа да танымал тұлғалар бар. Өлімінің нақты себебі жарияланған жоқ.
Отбасының мәліметінше, Норрис 20 наурыз күні таңертең, Гавайдағы Кауаи аралында дүниеден өткен. Бұған дейін БАҚ-та оның ауруханаға түскені туралы ақпарат тараған еді.
«Чак Норрис әлем үшін жекпе-жек шебері, актер және күш-жігердің символы болды. Ал біз үшін ол – адал жар, қамқор әке мен ата, сүйікті бауыр және отбасымыздың тірегі еді», делінген отбасы мәлімдемесінде.
Жақындары оның отбасының ортасында, тыныш жағдайда өмірден өткенін айтты.
Чак Норристің шын есімі – Карлос Рэй Норрис. Ол 1940 жылы Оклахома штатында дүниеге келген. Әскери қызметін Оңтүстік Кореяда өтеп жүргенде «Чак» деген лақап ат алған.
1960-жылдары жекпе-жек өнері студиясын ашып, кейін кино саласына қадам басты. Алғаш рет 1968 жылы фильмде эпизодтық рөлде көрінді. 1972 жылы Брюс Лимен бірге «Айдаһар жолы» фильмінде ойнап, кеңінен танылды.
Оның ең танымал жұмыстарының бірі – «Жалғыз қасқыр Маккуэйд» фильмі және «Уокер, Техас рейнджері» телехикаясындағы Корделл Уокер рөлі.
Кино сыншылары оның фильмдерін жиі сынағанымен, көрермендер Норристі әділдік үшін күресетін батыл кейіпкер ретінде ерекше қабылдады.
Чак Норрис төрт баланың әкесі болған. Ол отбасын әрдайым басты құндылық ретінде бағалаған.