Биыл жаһан жұртшылығы көз тіккен футболдан әлем чемпионаты өтеді. Төртжылдықтың басты аламаны осы жылы форматымен ғана емес, өткізілу тәсілімен де ерекшеленіп, әлемдік футболдың жаңа парағын ашқалы отыр. Қазірдің өзінде чемпионатқа қатысқалы отырған командалар анықталып, дайындық күшейе түсті. Ал чемпиондық бойынша көшбасшылардың бірі саналған Италия ұлттық құрамасының іріктеуден өте алмауы болар бәйгенің қызығын арттырып жіберді, деп жазады Egemen.kz.
Алғаш рет әлем чемпионатын бірден үш мемлекет – АҚШ, Канада мен Мексика елдері қабылдайды. Мұндай формат турнирдің географиясын кеңейтіп, Солтүстік Американың футбол инфрақұрылымын толық пайдалануға мүмкіндік береді. Канада алғаш рет мундиаль қабылдаушысы атанса, АҚШ 1994 жылы турнирді өткізген. Ал Мексика бұған дейін 1970 және 1986 жылдары әлем чемпионатын ұйымдастырған болатын.
Футболдан әлем чемпионаты финалының билеттері тағы қымбаттады
Ала доп аламанының басты жаңалықтардың бірі – командалар санының 32-ден 48-ге дейін көбеюі. Бұл шешім Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде және Кюрасао секілді елдер үшін тарихи мүмкіндік туғызды. Осылайша әлем чемпионатына сирек қатысатын немесе мүлде шықпаған құрамалардың жолдама алуы қолжетімді бола түсті. Жаңа форматқа байланысты матчтар саны да айтарлықтай өсіп, 100-ден аса ойын өткізіледі деп жоспарланған. Жаңа жүйе бойынша 12 топқа бөлінген 4 командалық топтар ойнайды. Топтан шыққан екі үздік команда тікелей плей-оффқа өтсе, топтағы үшінші орын иелері арасынан 8 үздік команда қосымша жолдаманы алады. Осы арқылы плей-оффқа 32 команда шығады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай ерекшелік турнир барысында күтпеген нәтижелер мен сенсациялар санын арттыруы ықтимал.
«Турнир құрылымының өзгеруі нәтижеге сөзсіз көп әсер етеді. Ойын саны көбейген соң, күтпеген нәтижелер тіркелуі мүмкін: әлсіз командалар да топтан шығуы мүмкін; фавориттерге жүктеме артады; сенсациялар көбейеді. Яғни, жаңа формат аутсайдерлерге мүмкіндік береді, ал фавориттер үшін тәуекел өседі. Ал турнир дебютанттарынан жоғары мотивацияға негізделген ойын күтуге болады. Қазақстан жанкүйерлері үшін көрші Өзбекстан бар. Соларға бүйрегіміз бұратыны анық», дейді футбол сарапшысы Бек Төлеуов.
Тарих көрсеткендей, жаңа командалар кейде сенсация жасайды. Бірақ чемпион болу – тәжірибесі бар командалардың еншісінде қала береді. 2025 жылы басты үміткерлер қатарында Испания, Франция және Бразилия болған. Дегенмен, қазіргі деректер бойынша Испания мен Франция басты претенденттер болып саналады. Ал соңғы чемпионатта Аргентина бесінші орынға шықты. Турнирдің үй иелері АҚШ әзірге 14-орынға бағаланып отыр.
Футболдан әлемдік рейтинг жарияланды: Қазақстан нешінші орында тұр?
«Басты фаворттер ретінде Франция, Испания, Аргентинаны атар едім. Алғашқысы соңғы екі әлем чемпионатында финалға дейін жетті. Біреуінде чемпиондық атақ. Құрамы мықты. Еуропаның ең басты жұлдыздары шоғырланған. Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан төрт команданың үшеуінде осы клубтың ойыншылары жүр. Ямалы бар Испания – соңғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы. Құрама бабында. 2010-нан кейін «қызыл фурияның» мундиальда жолы болмай жүр. Осы жолы бар күштерін салары анық. Месси Аргентинадағы соңғы ойындарын жеңіспен аяқтағысы келеді. Сондықтан оларда аянып қалмасы анық. Соңғы жылдардағы нәтижелерге сүйенсек, Франция ұлттық құрамасы – әлі де ең қауіпті. Испания ұлттық құрамасы – жаңа буынмен өте жақсы ойын көрсетуде. Ал мен жеке өз басым Португалияға жанкүйермін. Роналду соңғы мундиалін жеңіспен аяқтағанын қалаймын», дейді футбол сарапшысы.
Чемпионаттың географиялық ауқымы да ойын нәтижесіне айтарлықтай есер ететіні белгілі. Бұл бұған дейінгі Қатардағы турнирде айқын байқалды. Сол себепті де ойыншылардың ауа райына бейімделуі, физикалық формасын сақтауы маңызды факторлардың бірі болып қала бермек.
«Құрамадағы ойыншылардың бір-бірін түсінуі, біреуі жарақат алса, немесе шаршаған кезде лайықты алмастыра алуы аса маңызды. 48 команда болғандықтан ойын саны көп, жарақат алу жиілігі де айтарлықтай артады. Сондай-ақ жаңа командаларға тактикалық тұрғыдан икемділік, плей-оффтағы психологиялық тұрақтылық, бапкер тәжірибесі нәтижеге тікелей әсер етеді. Қысқасы, «ең жақсы команда» емес, ең тұрақты команда жеңетінін ұмытпауымыз қажет», Бек Төлеуов.
Бұдан бөлек жанкүйерлер Германия, Англия мен Бразилия құрамаларынан да үлкен үміт артып отыр. Әсіресе, турнирді ең көп жеңсе де соңғы чемпионаттарда жолы болмай жүрген Бразилия құрамасы осы жолы барын салады деп күтіледі. Карло Анчелотти баптайтын «Селесаоның» қатарында Винисиус Жуниор, Родриго, Рафинья және Антони барын салмақ.
Еске сала кетейік, бүгінде аталмыш додада чемпиондық саны бойынша Бразиялиядан кейін 4 реттен жеңіске жеткен Германия ұлттық құрамасы мен Италия ұлттық құрамасы орналасады. Үшінші орында 3 рет әлем чемпионы болған Аргентина ұлттық құрамасы тұр. Сонымен қатар Франция ұлттық құрамасы екі рет, ал Уругвай ұлттық құрамасы екі рет әлем чемпионы атанған. Бір реттен жеңіске жеткен құрамалар қатарында Испания ұлттық құрамасы және Англия ұлттық құрамасы бар.
Нұрболат АМАНБЕК